Жедел жәрдем кешігіп жетіп, әкемнен айырылып қалдым – депутат Исабеков
Жедел жәрдем өз уақытында келмегендіктен, әкесі бақилыққа аттанғанын Парламент қабырғасында айтқан депутат, AMANAT фракциясының мүшесі Данабек Исабеков еліміздегі медициналық көмек көрсету ережесін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ірі қалалардан бастап, кенттер мен ауылдарға дейін нормамен белгіленбеген уақытта жедел жәрдем қызметі жетпейтінін жиі естиміз. Мұндай жағдай жақында біздің әулетімізге де орын алды. Нақтырақ айтқанда, 23 шілдеде әкем кенеттен ауырып, жедел жәрдем қызметіне сағат 13.50 шақырту берілді. Алайда жәдел жәрдем 30 минутта келді. Бұл аралықта әкемнің жағдайы өте ауырлап қалған еді. Шымкент қаласы «Жедел медициналық жәрдем көрсету станциясы» ереже бойынша пациеттің жағдайы 2-ші жеделдік санатта болғандықтан 15 минутта жетуі тиіс еді. Бірақ кешіккеннен кейін, тиісті жәрдемін көрсете алмай, әкемізден айырылып қалдық», — деді депутат.
Оның айтуынша, ереженің осы нормалары көп жағдайда сақтала бермейді. Кейде жедел жәрдем 1 сағаттан аса уақытта жетеді.
«Мұны қалай жедел жәрдем деп атауға болады? Мәселен, АҚШ, Канада, Жаңа Зеландия, Аустрия, Ирландияда жедел жәрдем қызметінің басты ерекшелігі – олар өте шұғыл (экстренный), шұғыл (неотложный) деп екіге бөлініп, науқастарға қызмет көрсетеді. Осы тәжірибені бізге де енгізу қажет деп білемін», — деді ол.
Данабек Исабеков Денсаулық сақтау министрлігіне келесі шараларды ұсынды:
- Біріншіден, жедел жәрдемнің пациентке жететін уақытын қайта қарап, әлем елдерінің тәжиребісін зерттеу қажет.
- Екіншіден, жедел жәрдем саласына жекеменшік секторды енгізіп, бәсекелістікті арттырып, сервистік қызмет саласын жетілдірген жөн.
- Үшіншіден барлық жедел жәрдем бригадаларының жұмыстарына тексеру жүргізуді және көліктерінің жағдайын білуді және мамандарының біліктіліктерін қатаң бақылауға алуды сұраймыз.