Госорганы

«Жауһарынан кім айырылғысы келеді?!»: депутат қазақ мұнайымен байып отырған Американың саяси акулалары туралы айтты

Теңізшевройл – еліміздегі ірі мұнай өндіруші компания. Тәуелсіздік жылдары басында Қазақстан америкалық Chevron компаниясымен «Теңіз» кен орнын игеру туралы келісім бекітіп, бірлескен кәсіпорынның негізін қалаған. Келісімшарт 40 жылға есептелген болатын. Яғни 2033 жылға қарай осы шарттың мерзімі аяқталады. Қазақстан шетелдік инвесторлармен келіссөз үстеліне қайта отырып, келісімді ұзарта ма, әлде кен орнын өзі игере ме? Еліміз үшін қандай жол тиімді? Azattyq Rýhy тілшісі Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Әділ Жұбановтың пікірін білді.

Депутат шетелдік инвесторлар мұнай кен орнын игеруге салған инвестициясын отыз жыл ішінде бірнеше еселеп қайтарды деп санайды.

«Себебі мұнайдың өзіндік құны өте арзан, шынын айтсақ бір баррелі 5 долларға да жетпейді. Ал нарықта оны қандай бағамен сатып отырғанын білеміз. Осыған дейін бұл баға 2000 жылдан бері қарай он жыл бойы 100 доллардың үстіне шығып кетті, 150 долларға дейін барды. Енді есептей беріңіз, отыз жылдан астам қызмет етіп келе жатыр. Біз қателеспесем 1999 жылы ТШО-дағы 25 пайыз үлесіміздің 5 пайызын саттық. Енді қазіргі біздің еліміздің үлесі 20% ғана. Меніңше, бұл әділетсіздік», — дейді Жұбанов.

Мәжілісменнің пікірінше, кезінде америкалық компаниямен бекітілген келісімшарттың кейбір баптары халықаралық заңға да қайшы.

«Бұл келісім тәуелсіздік алған жылдары жасалған. Сол кезде біздің үкіметтегі мамандардың құзыреті өте төмен болды, өз басым келісімнің кейбір баптары тіпті халықаралық заңға да қайшы келеді деп ойлаймын. Мен Атырау облысынан сайланған депутатпын, облыстық мәслихатта жүргенде де, Мәжіліске келгеннен кейін де осы мәселені бірнеше рет көтердім. Келісімшартты уақыты біткеннен кейін созбау керек. Біз сол жобаға шетелдік басқарушы компанияны жалдап, 100 пайыз өзімізге қайтаруымыз керек. Егер бізде ондай мүмкіндік болмаса, себебі мұнда саяси мәселелер де болуы мүмкін, тым құрығанда Қазақстанның үлесі кемі 50% болуға тиіс. Өз басым солай пайымдаймын»,- дейді депутат.

Жұбановтың айтуынша, еліміздің батысындағы «Королевское» кен орны америкалық Шевронның жауһары саналады.

«Шеврон – Американың әлемдік деңгейдегі ірі компаниясы. Осы Шевронның құрылтайшысы болып Американың үлкен отбасылары отыр, кәдімгі саяси акулалар. Сондықтан да кім жауһарынан айырылғысы келеді?! Бүгінгі күні біздің «Королевское» кен орны Шеврон компаниясының мұнай көлемінің, олар бүкіл әлем бойынша жұмыс істейді ғой, 30 пайызын беріп отыр. Ойлап қараңыз, Атырау облысының бір кен орны 30 пайыз үлесін беріп отыр. Ал Қазақстанның қазынасына, менің білуімше, жыл сайын 5 триллиондай түседі. ТШО компаниясы Ұлттық қорға 3,5 триллион, республикалық бюджетке 1,5 триллион беріп отыр. Сондықтан да бұл ірі жоба, еліміз үшін жүйе құраушы компания. Олардың қазіргі келісімшартының аяқталуына сегіз жылдай уақыт келді. Сол себепті Үкімет ел үшін осы жобаның маңыздылығын ескеріп, оған өте жақсы дайындықпен қарауы керек», — дейді мәжілісмен.

Осы орайда депутаттан «шетелдік инвестормен келісімшарт ұзартылмаса, қазақстандық компаниялар мұнай кен орнын әрі қарай өздері игеріп алып кете ала ма?» деп сұрадық.

«Әлбетте,  еш қиындық жоқ. Біріншіден, осы отыз жылдан астам уақыт ол жерде, қателеспесем 95 пайызы Қазақстан азаматтары жұмыс жүргізіп отыр. Шетелден өте жақсы іргелі білім алып келген қаракөздеріміз бар. Ал егер қандай да бір үрей болса, шетелдік басқарушы компанияны жалдауға болады. Себебі біз қазақылыққа салынып, ол жер өте жоғары технологиялық өндіріс, жауапкершілігі өте жоғары өндіріс. Ол жер жеңілтектік, я болмаса білімсіздікті кешірмейді. Сондықтан да мұның саяси жағы да бар деп айтып отырмын ғой. Бір жағынан бізге ТШО-ның жүз пайыз кетпегені де дұрыс болуы мүмкін. Өйткені біз мұнайды сыртқы нарыққа шығарып,  сатуымыз керек. Егер келген инвесторлардың бәрін тырқыратып қуып жіберіп, ертең сата алмай қалсақ. Ал егер 50 пайыз өз еншімізге алсақ, әрине, бұл еліміздің болашағы үшін де, жалпы жұмысты жүргізген де жақсы. Себебі қазір ол жақта біздің даусымыз жоқ, түсініп отырсыз ба. Біз ешқандай үстемдік жүргізе алмаймыз, 20 пайызбен қандай үстемдік жүргіземіз?», — дейді Жұбанов.

Депутат ел үкіметі қазір шетелдік инвесторлардың айтқанына көніп отыр деп санайды.

«Сосын халықаралық заңдарға қайшы келетін баптар бар дедім ғой. Мысалы, компаниясы тарапынан экологиялық немесе басқа да заңбұзушылық болмай ма, біздің өкілетті орган оларға айыппұл салады, олар айыппұлды төлейді, бірақ оны мұнаймен қайтарып алып отыр. Былайша айтқанда, айыппұл төлеп отырған жоқ. Айыппұл төлесе де, төлеген ақшаның есесін мұнаймен қайтарып отыр. Ол не деген нәрсе, оңды-солды экологияның я болмаса басқа да заңдылықтарды бұзады, ал мемлекетіміз шарасыздық танытады. Сол себепті келісімшарттың кейбір тұстарын қайта қарау керек», — дейді Жұбанов.

Другие новости

Back to top button