Жауапқа тартылады – мемлекеттік тіркеусіз неке қиятын имамдарға ескерту жасалды

Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев депутаттардың сауалына берген жауабында мемлекеттік тіркеусіз неке қиятын имамдар жауапқа тартылатынын ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ИМАМДАРҒА ЕСКЕРТУ
Көшербаев жауабында тек мемлекеттік органдар арқылы қиылған неке танылатынын атап өтті. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы бекіткен ережелерге сәйкес, діни мекемелер мемлекеттік тіркеусіз неке қию рәсімдерін өткізбеуі тиіс дейді ол.
Тиісінше, діни рәсімдер бойынша жасалған неке тіркелген некеге тең келмейді. Имам «неке қию» рәсімін мемлекеттік тіркеусіз өткізілген жағдайда сөгіс түрінде жауапқа тартылады. ҚМДБ ресми тіркеусіз діни неке қиюға жол бермеу және жолын кесу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп халық арасында белсенді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, – делінген Көшербаевтің жауабында.
АЖЫРАСУ ЖАЙЛЫ
Көшербаевтің жауабында сонымен бірге, ажырасқан жастар жөнінде статистика келтірілген. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, кейінгі 5 жылда елімізде ажырасқандар (2019 жылы — 59796 ажырасу, 2023 жылы – 40227, 32,7%-ға төмендеген) саны азайған.
БҰҰ деректеріне сәйкес Қазақстанда ажырасу коэффициенті 2019 жылы 1000 адамға шаққанда 3,23-тен 2023 жылы 2,0-ге дейін төмендеген. Басқа елдермен салыстырғанда бұл көрсеткіш салыстырмалы түрде төмен, демек Қазақстан ажырасу деңгейі ең жоғары елдер тізіміне енбейді дейді ол. Мәселен, басқа елдердегі ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда Лихтенштейнде 4.9, Грузияда 3.7, Беларусьте 3.7, Латвияда 2.8, Андоррада 2.7, КостаРикада 2.6, Египетте 2.5, Литвада 2.5, Доминикан Республикасында 2.4, Гренландияда 2.4, Данияда 2.1, Әзербайжанда 2.1, Финляндияда 2.1, Швеция және Түркияда 2.0 құрайды.
БИШІМБАЕВ МЫСАЛЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2022 жылы 17 қазанда Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некесін қиған республикалық бас мешіттің имамы Қанат Қыдырминге қатысты тәртіптік шара қолданған еді. Оның алдында Салтанаттың әпкесі Айнұр Нүкенова Бишімбаев пен Нүкенова неге мешітте екі рет діни жолмен неке қиғанын айтып берген. Алайда белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы бұл жағдайда ҚМДБ тарапынан жазаға тартылған имамның әрекетін жақтап, мұны кісінің наным-сеніміне жасалған қысым екенін айтқан болатын.