«Жаңаны ескіге өздері ауыстырып алған шығар»: Жамбылға барған «Томирис патшайым» мұғалімдерге айып тақты
Жамбыл облысы Тереңөзек ауылында мектепке барып, қайырымдылық жасаған, өзін «Томирис патшайым» деп есептейтін Гүлсара Суасқызы осы сапарына 4,5 млн теңге шығындағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қандай жаман болсын, ол менің туған жерім, елім. Олардың қай-қайсысын да жақсы көремін. Кішкене түсінбестік болды. Олар қателік жасады. Бірақ мен оларды кешірдім. Менен де бір жерде ағаттық кетсе, қателік жасасам, кешіріңдерші. Мен сендердің қыздарыңмын ғой. Мені қалай лақтырасыңдар?», — дейді Гүлсара Суасқызы телеарнаға берген сұхбатында.
Суасқызы өзін дәрігер екенін айтты. Сол себепті жасын айтудан бас тартты.
«Медициналық препараттармен бірге емшілік жұмысты ұштастыра істеймін. Адам жазылмай жатса, Құран сүрелерін қосамын. Өзімнің денемде қасиетім бар, оны да қосамын. Жазылмайтын ауру жоқ. Мен жайлы 98 сериялық фильм бар. Менің жеке продюсерім бар. Емшіге де продюсер керек. Менің денемдегі қасиет басқа адамдарда жоқ. Қандай қасиет екенін айта алмаймын. Сөзбен жеткізе алмаймын. Адамның бойындағы дертті айта аламын. Адамдардан ақша сұрамаймын, олар қанша береді, соны аламын», — дейді Гүлсара Сауасқызы «Көреміз» бағдарламасында.
Ол мектепке жасаған қайырымдылық шарасы жайлы да айтып берді.
«Түсіме Томиристен аян келді. «Менің жұмысымды сен жалғастырасың, клиникаңды жоғалтып алма» деп көп жыл бойы аян берді. Өзінің костюмін маған берді. Қызыл костюмді өзі көрсетті, мен оны тіктірдім. Менің 37 образды костюмім бар. Осы мектепке бару үшін бас-аяғы 4,5 млн теңге ақшам кетті. Ешкімге берген жоқпын, жол бойы жараттым. Құрбандыққа, дастарханға беріп отырдым. Мен мектепке құр қол бармадым. Дүкеннен киім, камера, компьютер алдым. Мәдениет орталығына бердім. Мектепке киім беріп, жағдайы төмен отбасыларға таратыңыздар дедім. Күз бен қысқа арналған киім алдым, оның ішінде бала мен ересектерге арналған киімге 900 мың теңге кетті. 750 мың теңгеге алынған киімді мектепке тастадым. Олардың сапасына қарауға уақытым болмады. Ол жердегі адамдар киімнің сапасын сөксе, әйелдер өздеріне жақсысын қалдырып, ауыстырып қоюы мүмкін. Біз мектепте 15 минут қана отырдық. Мектеп директоры маған 4 мың теңгенің шоколадын беріп, шай іш деді», — дейді ол.
Суасқызы 3 ұлы, 7 немересі бар екенін жеткізді.
«Балаларым «ана, сізді адамдар түсінбейді екен, адамдарға жақсылық жасаймын дейсің, олар сені түсінбейді» деді. Келінім «сені жынды деп ойлайды, халық топас, көзіңді аш, адамдарға көмектеспе» деп ақыл айтты. Сендер қазақша түсінбейсіңдер, менде шаруаларың болмасын дедім. Қайырымдылықпен айналысу – менің миссиям», — дейді «Томирис патшайым».
Еске салайық, жуырда Жамбыл облысында мектепке барған «Томирис патшайымға» қатысты ақпаратқа ел назарын аударған едік. Алдымен бұл адамның етегін оқушылар көтеріп жүргенін, кейін, мектеп мұғалімдері емшіні шақыру үшін 4000 мың теңгеден ақша жинағанын жаздық. Мәселе министрге дейін жетіп, тексеру жүрген болатын. Кейін «Томирис патшайымды» мектепке шақырған директор мен оның орынбасары жұмысынан айырылды.