Адамның басты ризығы – өсімдіктерден алынатын тағамдар.
7 мың шөптің аты мен затын білген ілкі қазақтың қазіргі ұрпағы ауылының маңайында өсетін 7 шөптің атын атап, түсін түстей алмайды.
Өсімдік әлемі – тылсым дүние. Өсімдіктердің пайда болуы – бүкіл әлем үшін құпия. Оны ешбір академик, профессор таба алмаған.
Қазақстанның жасыл жер жамылғысы жылына 220 миллион тонна оттегі бөледі. Ал тұтыну 250 млн тонна.
Дәрі-дәрмек препараттарының 50 пайызы өсімдіктен жасалады.
Қазақстанда өсетін 700-ге жуық өсімдік әлемнің басқа елдерінде кездеспейді.
Қазақстанның эндемик өсімдіктері – жусан мен ерменнің медициналық маңызы зор.
Бұл Түркістан форумында ғалымдар келтірген деректер.
Мемлекеттің байлығы биоалуан түрлілікпен де өлшенеді. Бұл жағынан бай елміз.
Алайда, флора туралы қазақ тілінде бір де бір толыққанды анықтамалық басылым әлі шыққан жоқ.
Өсімдіктердің потенциалы толық зерттелмей отыр.
Қазақ ғылымы жекелеген энтузиаст, нағыз пассионар ғалымдардың арқасында ғана өмір сүріп тұр.
Түркістан форумы соның дәлелі. Халықаралық конференция болса да жалаулатпай, еш пафоссыз, дөңгелек үстел түрінде өткен жиында таныстырылған екі кітап – ана тіліміздегі энциклопедиялардың алғашқы қарлығашы.
“Қазақстан өсімдіктерінің анықтағышы” атты энциклопедиялық еңбектің және “Асыл ағаш, асыл шөп” атты серияның 1-томдары 27 жылдан соң шығып отыр.
Себебі, еліміздегі 7 ботаникалық ғылыми-зерттеу институтынан тәуелсіздік жылдары тек екеуі қалған.
Жоғары оқу орындарындағы ботаника кафедралары жабылған.
Кеңестік кезеңдегі инфрақұрылым жойылды, ал жаңасы әлсіз.
Геоботаника мен палеоботаника тоқырап тұр.
Кадр даярлау мәселесі өткір.
Табиғи жайылымдарды сақтау мәселесінде шешімін күткен жайт көп.
«Қазақстан флорасы» атты энциклопедиялық анықтамалық жобасы Ғылым комитеті жариялаған конкурстарда (ПЦФ) сарапшылар тарапынан қолдау таппаған. Яғни, шенеуніктер мемлекеттік тілде ғылыми зерттеулер жүргізудің қажеттігін түсіне бермейді.
2016-жылғы жер митингілері кезінде отандық ботаника ғылымының мешеу қалғаны анық көрінді. Мамандар жерді бағалауда қиындыққа тап болды. Жердің бағасын анықтау үшін ондағы флора мен фауна туралы ғылыми ақпарат өте маңызды.
Қазақстанда 187 миллион гектар табиғи жайылым бар.
26 миллион гектар жайылымдық жер тозған.
Қазақстанда этноботаниканы дамытуға осы уақытқа дейін көңіл бөлінбей келді. Этноботаника бағытын дамытпайынша, ұлттық табиғи ресурстарымызды зерттеу мүмкін емес.
Қазақ ботаникасының үш атасы бар. Осы мәселеде бір тоқтамға келу қажет.
Ботаника ғылымында кадр даярлау ушығып тұр. Қазіргі буын ғалымдардан кейін бұл салаға жастар келу-келмесі неғайбыл. Өйткені ғылымға көзқарас нашар және білім сапасыз.
Палеоботаника бойынша бүкіл елде 2-3 маман ғана бар.
Қазақстанда оқушылардың 70 пайызы қазақ мектебін бітіреді. Бірақ биология туралы қазақша ақпарат жетіспейді.
Биологиялық қауіпсіздігіміз дұрыс қорғалмай отыр. Мәселен, шет елдерден бөтен өсімдіктерді алып келіп отырғызу өте қауіпті. Кейбір өсімдіктер агрессиялы болады, өз өсімдіктерімізді ығыстырып жояды. Және олардың көбі аллерген.
Гербарийлер жасау мәселесі тығырыққа тірелген. Ол ғалымдардан басқа ешкімге қажет емес. Ал Түркия бұл салада бүкіл Еуропада алдыңғы орында.
ГМО өнімдерден сақтану үшін де ботаника ғылымының көмегі қажет.
ҚР Президентіне ұсынылатын Ұлттық баяндаманың ауыл шаруашылығы туралы бөлімін әзірлейтіндердің жауапкершілігі көңіл көншітпейді. Олардың арасында плагиаторлар да бар (!). Академик Әлихан Мелдебеков осы пікірде.
Қазақ тіліндегі ботаникалық терминдерде нақтылық қажет. Филологтар мен ғалымдар қашан бір пікірге келеді, белгісіз.
Орта мектептегі ботаника және зоология пәндерін қалпына келтіру қажет. Онсыз базалық білім болмайды.
Қысқасы, биология, оның ішінде ботаника саласында проблема шашетектен. Оны шешу үшін жаңадан құрылған Ғылым және жоғары білім министрлігі оң көзімен қарауы тиіс.
Журналист Дина Имамбайдың желідегі жазбасы