«Жаңа жылды тойлауға бара жатқан»: ұшақ апатынан көз жұмған нотариус жайлы тың дерек шықты
Тележүргізуші Динара Сатжан өзінің Instagram-аккаунтында астаналық белгілі нотариус Гаухар Шаймерденова мен және оның 11 жастағы ұлы Елдар Жұмағат Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде көз жұмғанын мәлім етті. Ол қазаға байланысты көңіл айтып, марқұмдар жайлы мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҢА ЖЫЛДЫ ТОЙЛАУҒА БАРА ЖАТҚАН
Динара Сатжан Астана нотариаттық палатасының төрағасы Айгерім Айкешевамен байланысқа шыққан. Айкешеваның айтуынша, өткен жексенбіде ол Гаухар Шаймерденовамен бірге нотариустар корпорациясында болған.
– Гаухар әріптестеріне кіші ұлымен бірге Грозныйда жаңа жылды бірге қарсы алу үшін отбасылық достарына ұшып бара жатқанын айтты. Олар Бакуге ұшып, артынша Грозныйға бағыт алған. Өйткені ол жаққа Астанадан тікелей рейстер жоқ, — деді тележүргізуші.
Гаухардың үлкен ұлы Астанада қалған, өйткені ол Австралияда оқиды, сол жақтағы оқуынан жақында ұшып келген. Гаухардың анасы әлі күнге дейін қызы көз жұмғанын білмейді.
Қаза тапқандардың денесін әкелу үшін Ақтауға Гаухар Шаймерденованың бұрынғы жұбайы мен оның көмекшісі ұшып кеткен. Онда оларды қала нотариустары қарсы алып, көмектесуі керек.
– Нотариустардың бірлігін атап өткім келеді. Олар қазір отбасына ақша жинап жатыр. Мен олардан «біз көмектесе аламыз ба?» деп сұрадым. Айгерім «өзіміз жұмыламыз» деп жауап берді. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын, – деп жазды Сатжан.
ҰШҚЫШТАРДЫҢ ЕРЛІГІ
Сондай-ақ, тележүргізуші қолынан келгеннің бәрін жасаған ұшқыштардың батылдығын атап өтті. «Егер ұшақ суға құласа, құрбандар көп болар еді» дейді Динара Сәтжан.
ҰШАҚ АПАТЫ ТУРАЛЫ
25 қазан күні Ақтауда Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан Әзербайжанның ұшағы апатқа ұшырады. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев ұшақ апатынан 38 адам қаза тапқанын ресми мәлімдеді.
Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының деректері бойынша бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың арасында: Қазақстанның 6 азаматы, Әзербайжанның 42 азаматы, Қырғызстаннан 3, Ресейден 16 азамат бар.
ТЖМ апатқа ұшыраған ұшақтағы адам саны туралы түпкілікті ақпаратты жариялады. Оқиға салдарынан 29 адам, оның ішінде 2 бала ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 15 Әзірбайжан азаматы, 9 Ресей азаматы, 2 Қырғызстан азаматы, 3 адамның азаматтығы анықталуда.
Ақтау маңында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланып, кинологтар іске кірісті.
Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан отандастарымыздың тізімін жариялады.