ГлавноеГосорганыЖамбылская область

Жамбыл шаруаларына «артық» қойы үшін айыппұл салына бастады

Жамбыл облысының прокуратурасы қора жағалап, қой санауды қолға алды. Енді өңірде төрт түлік саны жер көлеміне сай болмаса шопанға айып салынатын болады. Қазірдің өзінде осындай 130 шаруаға артық малы үшін 1 миллионнан 7 миллион теңгеге дейін айып қағазы келген, деп хабарлайды 31 арна. Мал санын көбейткеніміз үшін айыпты болдық деген шаруалар отар қойды, табын сиыр мен үйір жылқыны үйде ұстауға мәжбүр болдық дейді.

Күні кеше өңір басшылары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа шаруаларға шалқып өмір сүруге жағдай жасалғанын қора басына барып көрсетті. Аз пайызбен ақша алып, аз уақытта мал көбейткен кәсіпкерге мемлекет басшысы да риза болды. Тіпті еселей түсу үшін жем тартатын апаратты сыйға тартты.

Бірақ президент берген қондырғыдан жем жеу көп малға бұйырмайтын сыңайлы. Өйткені өріске мал сыймайды деген желеумен артық басқа айып салынбақшы.

Болат Тайсеңгеров, шаруа:

«Елбасы мал басын көбейтіңдер дейді. Ал біз көбейтсек жерге сыймай жатыр деп бұл кісілер маған 5,5 миллион айып салыпты. Малдың саны мен жердің көлемі сәйкес келмейді деп».

Жұрт айтқан жайылым қалада емес, қырдағы, анығы — құмдағы аймақ. Он жылға орман қоры жерінен жалға алып, қойын құрттап күн көріп келген. Алайда аяқ-асты артық малға ақша төлеуді естіген ел ашуға булықты.

Байзақ ормандары және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінен ескерту алған ел айып салу асыра сілтеу деп есептейді. Қайта қиы тыңайтқыш болатын төрт түліктен қоршаған ортаға зиян жоқ деп санайды. Шопандар онсыз да өрісті өздері үшін тоздырмай көшіп қонып жүргенін айтады. Ал жауапты мекеме басшылары бұл дауға прокуратураның ескертуі себеп болғанын айтады. Нақты қораға бармай кабинетінде қой санын шығарған прокурорлар жаңылысқан дейді.

Бауыржан Желеубаев, Байзақ ормандар және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры:

«Біз анықтауымыз керек. Ол кісі алды да вет инспекциядан сверка жасай салды. Ал ол жерде мал басы бар ма. Оны анықтаған жоқ қой. Біз анықтаймыз да мынауыңыз дұрыс емес фактический мына жерде пәлен мал бар, мына жерің дұрыс емес деп біз қарсы прокурорларға жауап беруіміз керек».

Осылайша жауаптылар прокуратураларды сырттан тон пішпей, көзбен қой санауға шақырды. Талап бойынша бір бас малға 7 гектар жер керек. Ал мұндағы шауалардың ең азында мың бас қойы бар. Шотты қақсаң әрқайсысына кемі жеті мың гектар жер керек. Ал Байзақтағы орман қорынан 150 кәсіпкерге жайылым беруге жер жетпейді. Сондықтан жұрт жаппай малдарын азайтып не айып төлеуден басқа шара жоқ.

Другие новости

Back to top button