Жамбылская область

Жамбыл облысында бүтін бір ауыл электр энергиясы үшін төлемді Қырғызстанға барып, доллармен төлеп жүр

Арнайы тағайындалған адам ай сайын шекара асып, жарық үшін төлем жасайды

Жамбыл облысында бүтін бір ауыл Қырғызстаның жарығына тәуелді. Көрші елден алатын электр қуатына төлемді доллармен жасайды. Бірақ қымбат тоқтың өзі жел тұрса сөніп, тұрғындар тас түнекте айлап отырамыз дейді. 16 жылдан бері осындай қиындық көрген бұқара жергілікті билік өкілдерінің бейқамдығына наразы. Бұл туралы  КТК арнасы хабарлайды.

Меркі ауданындағы Жауғаш батыр ауылында жарық ең өзекті мәселенің бірі. 18 жыл бұрын трансформатор мен электр желілері бағанасымен қоса тоналып, тұрғындар тас түнекте қалған. Олар екі жыл бойы білте шаммен отырып, ақыры Қырғызстаннан қуат көзін алуға келіскен. Содан бері бұқара мемлекетаралық тұтынушы ретінде қымбатшылыққа ұрынды.

«Мемлекетаралық тарифпен алып жатырмыз. Жоғалту, линия, басқасы бар, әр үй 100 киловаттқа 14-15 мыңнан төлеп отырмыз. Оның өзі проблема. Қырғызстанға бір адам жіберіп, ол шекарадан өту керек. Оны долларға айырбастап, қайта сомға айырбастап өткіземіз», — дейді Жауғаш батыр ауылының тұрғыны Өмірбек Оразбаев.

Арнайы тағайындалған бір адам ай сайын төлем жасау үшін Қырғызстанға барып тұрады. Оның жол шығыны көпшіліктің мойында. Осылайша онсыз да ең қымбат тарифпен есептесетін бұқара қосымша тағы қалтадан қағылып жүр. Қымбат тоқтың өзі тұрақсыз көрінеді.

«Жарық жоқ болған адам баласына қиын ғой. Қырғызстан беруін беріп тұр. Бірақ сәл жел тұрса, өшіп қалады. Ол жаққа бара алмаймыз. Шекарадан өте алмаймыз. Өтуге 80 км айналып баруым керек», — деді Жауғаш батыр ауылының тұрғыны Сағат Жақсымбетов.

Ескірген бағаналар мен электр желілерін жергілікті билік ауыстыра алмайды. Өйткені олар көрші елдің меншігінде. Айта кетерлігі, осы маңдағы шекара заставасы да ұзақ жылдан бері жарыққа зәру. Олар дизельді генератор қолданады. Жалпы бұл жағдайдың бүгін-ертең шешілер түрі байқалмады. Өйткені 44 шақырымға желі тарту жобасы қолдау таппаған.

«Жобамен жарық тартудың құны 532 миллион. Мұндай қаражат аудан бюджетіне ауыр. Сондықтан Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына жыл басында өтінім бергенбіз. Өтінім тиісті министрлікке де жіберілді. Өкінішке қарай, әлі күнге жоба қолдау таппай отыр», — дейді Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғынбаев.

Қазақстанда тұрып шетел валютасына байланған тұрғындардың жайы әзірге өзгеріссіз қала бермек. Оларға доллар бағамының өспеуі аса маңызды. Себебі, тариф қымбаттап кетуі мүмкін. Ауылда телефон байланысы да нашар. Ал әлеуметтік нысандар атымен жоқ.

 

 

Другие новости

Back to top button