«Жалғыз қалдырмаймыз»: Майқайыңда қаза тапқандардың отбасының несиесін жұмыс беруші жауып береді
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов «Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде қаза болған құтқарушылардың отбасыларына барды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бердібек Сарқыттың туған-туыстарымен Майқайыңдағы үйінде кездестім, бұған дейін мен марқұмның жаназасына қатысқанмын. Менің бүгінгі келуімнің мақсаты — қаза тапқан құтқарушылардың туыстарына оларды ешкім жалғыз қалдырмайтынын жеткізу. Әрине, ешқандай қолдау сөздері мен төлемдер жақындарыңызды қайтармайды. Бірақ біз аумағында қайғылы жағдай орын алған «Майқайың-алтын» АҚ-дан, мемлекеттен және жұмыс берушіден жан-жақты көмек алу үшін қажеттінің бәрін жасаудамыз», — деді Асайын Байханов.
Ол Екібастұзда бұл туралы құтқарушы Олег Тышкевичтің де қызымен сөйлескенін айтты.
«Өңір басшылығы жұмыс беруші мен «Майқайың-алтын» АҚ-ның Яна мен оның ағасы алдындағы барлық міндеттемелерінің орындалуын қадағалайды. Сонымен қатар, қаза болған жандардың отбасыларына кәмелетке толмаған балалардың болуы мен олардың жасына байланысты кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан 5-10 жыл үшін орташа айлық жалақы мөлшерінде сақтандыру өтемақысы беріледі.
«Майқайың-алтын» АҚ бұған дейін бөлген қаражатын бірнеше есеге арттырады, ал, жұмыс беруші қаза тапқандардың отбасыларының несиелері мен коммуналдық қарыздарын өтеуді өз мойнына алады. Осындай көмектер іздестіру жүргізіліп жатқан екі құтқарушының денелері табылған немесе оларды қайтыс болды деп таныған жағдайда олардың отбасыларына да көрсетіледі. Қаржылай көмектің көлемі туралы ақпарат жұртшылыққа барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін хабарланады», — деді облыс әкімі.
Еске салайық, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кеткен. Апат кезінде онда төрт адам болған. Дәл сол күні екеуінің денесі табылды. Майқайың шұңқырына құлаған тағы екі адам әлі табылған жоқ.