Выбор редакции

Израильдің де, Хамастың да ары қарай соғысуға ниеті жоқ – саясаттанушы

Кешелі бері «Израиль мен Хамастың келісімге келіп, атысты тоқтатуын» әлем лидерлері құптап жатыр. 400 күннен асқан қантөгіске расында да, нүкте қойылды ма? Таяу Шығысты келешекте не күтіп тұр? Халықаралық саясаттанушы Жанат Момынқұлов Ulysmedia.kz порталына талдап, пайым-пікірін айтып берді. Сарапшының сөзін айна-қатесіз ұсынамыз.

БҰЛ – ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ ҮЛКЕН ОҚИҒА

Хамас пен Израильдің арасында атысты тоқтатып, тұтқынға алынған израильдік азаматтарды, әскерилерді, олардың денелерін тапсыру, оның есесіне Израиль тарапынан мыңға жуық соңғы бір жылда қамауға алынған газалықтарды ақырындап топ-тобымен босату бойынша келіссөз жасалып отыр. Бұл Таяу Шығыстағы үлкен оқиғалардың бірі. Джо Байден (АҚШ президенті) биліктен кетіп бара жатып, аймақтың тыншығанын, дипломатиялық жетістікке жеткенін дәлелдеп кетпекші. Осы орайда Трамп та (АҚШ-тың сайлауда жеңген президенті) билікке әлі келмей жатып, жұмысын жеңіспен бастағысы келеді. Ол “менің жіберген өкілімнің жұмысының нәтижесі, менің өзімнің жұмысымның нәтижесі” деп көрсетеді. Қысқаша айтқан кезде Байден де, Трамп та екеуі де өзінің “нәтижесі” ретінде көрсетеді мұны.

ХАМАСТА ҚАРСЫЛАСАР КҮШ ҚАЛМАДЫ

Газаның инфрақұрылымы қирады, Хамас әлсіреді. Хезболламен соғыстан, Сириядағы жағдайдан кейін Хамастың қарсыласатын күші қалмады. Иран да әлсіреді, Ресей де кетті. Сондықтан Хамасы енді қазір жалғыз деп айтуға болады. Араб елдерінің барлығы, Египет пен Катар екеуі арағайындық, делдалдық жасап, Америка қосылып, осы келіссөзге қазір келді. Бұл енді аймақ тыншу кезеңіне қарай өткенін де білдіреді. Сирияда мысалы билік ауысты. Хамас биліктен ақырындап ығыстырылуы мүмкін, өйткені өзінің негізгі мақсатына жетті ме, жетпеді ме деген үлкен сұрақ туындап тұр. “Жетпеді” дейтін болсақ, келіссөзге мәжбүрлеп отыр. Процес үш фазадан, үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде алмасулар басталады. Газаның реконструкциясын қайта құру туралы әңгіме болады. Ол жерде Сауд Арабия, Катар, басқа да араб елдерінің демеушілік, инвестициялық құрылыс жұмысы маңызды болмақ.

ИЗРАИЛЬДІҢ ДЕ, ХАМАСТЫҢ ДА АРЫ ҚАРАЙ СОҒЫСУҒА НИЕТІ ЖОҚ

Қазір аймақта Израильдің рөлі артқанын айтумен қатар, АҚШ-тың рөлі нығайып тұр. Өйткені Түркия мен Израиль Таяу Шығыстың иегерлері болып кетті. Түркия Сирияда, Израиль басқа араб елдерімен өзінің қарым-қатынастарында нық позицияда тұр. Ливанда, Палестинада, Сирияда ықпалы бар.

Алдағы кезеңде Трамп айтқандай “Ибрахим келіссөздерінің” жалғасы болады. Сауд Арабиясы “Палестина мемлекетік құрылуы керек, соғыс тоқтауы керек” деп тұр. Осыған орай меніңше, үлкен бір кезеңге келдік. Трамп билікке келмей жатып, өзінің жеңімпаз екенін, жеңіспен бастағанын көрсеткісі келеді. Трамп осыдан ұпай жинап, “бұл тек қана басы, әлі де сюрприздер болады, жақсы жақсы жаңалықтар болады” деп айтты. Демек, Шығыс Еуропа, Украина мәселелері бойынша қазірден Таяу Шығыстан бастап отыр. Бұл енді пісіп жетілген мәселе. Осылай болатын бәрі күтті. «Енді не болады?» деген кезде расында да, хамастықтардың да, Израильдің де ары қарай соғысуға ниеті жоқ сияқты. Өйткені негізгі фазадан өтті. Конфликт аяқталуға шақ.

ПАЛЕСТИНА МЕМЛЕКЕТ БОЛА МА

Үлкен Палетина мәселесіне келсек, ол жерде «мемлекет қалай болады?» деген сұрақ болады. Газаны болашақта Египет, Сауд Арабия, Иордания сияқты үлкен спонсорларға беруі мүмкін. Олар реконструкция жасайды. Мысырдың, басқа да араб елдерінің әскерилері, күш құрылымдары сол жерде тәртіпті орнатумен айналысады. Батыс жағалау – Палестина мен Газа екеуінің белгілі бір саяси кеңістікке қарай дамуы мүмкін. Екеуі де бірдей, ұқсас жүйелер болады деп ойлаймын.

ИЗРАИЛЬ КҮШЕЙІП КЕЛЕДІ

100 мыңға жуық адам жараланған, өлген. Сондықтан, бұл жағдай үлкен дау-дамай туғызды, резонанс туғызды. Израиль халықаралық алаңда өзінің рөлі жақсарғанын қалап отыр. Бейсенбі күні Израиль үкіметі үлкен кездесу жасайды. Сол жерде қайтадан талқылайды. Нетаньяху (Израиль басшысы) кейбір бітпеген сұрақтар бар деп қалды. Трамп келгеннен кейін Америкаға сапар шегеді. Басқа да мәселелер бойынша келіссөз жасаймыз деді. Енді ол жерде Сауд Арабия мәселесі, Сирия мәселесі болуы мүмкін. Палестина мемлекетінің жайы мән-жайы талқылануы ықтимал.

Палестина мемлекеті деген кезде Газа мен Батыс жағалау онсыз да бар ғой. Соның рәсімдеу бойынша нақты істер бола ма деген сұрақ бар. Бірақ Израильдің саясаты өте күрделі, стратегиясы өте қатпарлы. Олардың негізгі ойы – бірте-бірте Палестинаны кішірейтіп, әлсіретіп, жоқ қылып жіберу еді. Бірақ қазіргі жағдайда араб әлемі оған келісіп тұрған жоқ. Палестина қандай да бір формада болса да, рәсімделіп, бір мемлекеттіліктің негіздері әлемде ілімдік халықаралық тараптан танылуы тиіс. Міне, осы орайда оқиғалардың маңызы бар. Сириядағы жағдай бар, сонымен қатар, Сауд Арабиядағы өзгерістер, Ливандағы соғыстан кейінгі жағдай – бір Израиль аймақта күшейіп жатыр. Оның артында АҚШ тұр.

ТҮРКИЯ: ЕШКІМ КҮТПЕГЕН ОҚИҒА БОЛДЫ

Түркияның да рөлі артып тұр. Түркия Иранның рөлін алмастырғандай бір әсер қалдырады. Сирияда Ресейдің арқасында Иран күштірек. Ал қазір Түркия бәлкім, Израильмен, АҚШ-пен келісе отырып, аяқ астынан осы аймақтың иесіне айналып шыға келді. Ешкім күтпеген оқиға болды. Израиль араб елдерімен бірлесіп, Газа тынышталуы үшін бір келісімдерге келетін сияқты. Бірақ біз алданбауымыз керек. Израиль өз саясатында өз мақсатына қарай жұмыс істеп келе жатыр. Ол бірте-бірте ықпалын, жерін, стратегиялық басымдығын кеңейте беруді көздейді. Сондықтан ол жерде сан қатпарлы ойындар бар. Американың саясаты бөлек, Израильдің саясаты бөлек. Американың айтқанын Израиль ылғи істей бермейді. Ескерерлік көптеген фактор бар.

Қысқаша айтқан кезде Сунни әлемінің маңызы артып тұр. Олар Батыспен келісіп, осы аймақта жаңа бір күшке айналып келе жатыр. Меніңше, Израиль де соны қолданып қалатын сияқты. Біздің Орталық Азия, Түркі әлемі деп жатырмыз. Барлығы Түркиямен байланысты. Сол Түркияның болашағы қалай болады? Саяси дамуы қай жаққа кетіп бара жатыр? Ол да өте маңызды. Сондықтан бізге де келешекте белгілі бір жанама әсері болуы мүмкін.

Другие новости

Back to top button