Алматинская область

«Иіске тұншығып жүрміз»: Алматы облысында тұрғындар қоқыс полигонынан мезі болған

Алматы облысы Қарасай ауданы Әйтей ауылының маңында Алматы қаласының қоқыс полигоны орналасқан. Тұрғындар күлімсі иіс қолқамызды қауып, мезі болдық, дейді. Өйткені Алматының бар қоқысы ауыл маңына төгіледі. Жалпы биыл Алматы облысы аумағында 351 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Жыл 12 ай мына қоқыстан шыққан иіске тұншығып келеміз. Бір шара қолданса болатын еді. Бара-бара ауру болатын болдық қой», — дейді Әйтей ауылының тұрғыны Аман Өміржанов.
Жыл сайын Алматы қаласының агломерациясында 770 мың тоннаға жуық қалдық шоғырланады, оның ішінде 420 мың тоннаға жуығы Алматы қаласынан келеді.

«Иіс енді сұмдық шығады. Әсіресе желді күндері тыныс алу мүмкін емес. Бұл қоқыс полигонын жойып, елді мекеннен алыс жерден ашса болатын еді», — дейді Әйтей ауылының тағы бір тұрғыны.

Ал қоқыс полигонынан нәпақасын тауып жүрген жандардың пікірі басқа.
«Тәулігіне жүздеген жүк көлігімен қоқыс әкелінеді.Бір күн қоқыс шығарылмаса, бүкіл қаланың күні не болар екен. Ауру болғанның көкесі сонда болады. Бұл жер бұрыннан келе жатқан қоқыс полигоны. Одан да бұл жақтан баспана салуға жер учаскелерін бермеу керек еді», — дейді қоқыс полигонының Ермахан есімді жұмысшысы.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметі бойынша, облыс аумағында 7 тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары және қалдықтарды уақытша сақтауға арналған 131 орын бар. Ал «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның Геопортал жүйесінің белгіленген жерден тыс 14 қоқыс алаңдарын анықтаған. Жалпы Алматы облысында биыл 351 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталды.

«Анықталған 351 рұқсат етілмеген қоқыс орындарының бүгінгі күнде 254-не тиісті тазалау жұмыстары жүргізіліп, толығымен жойылған. Аталған бағытта тиісті әкімшілік аумақтың жергілікті атқарушы органдардарының рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізіледі. Ал Әйтей ауылы тұрғындарының наразылығына келсек, бұл маңдағы полигон заңмен белгіленген жер. Экология департаменті тек қадағалаушы органбыз. Полигонды көшіру, басқа жерге ауыстыру мәселесін облыстық және қалалық әкімдік шешеді», — дейді Алматы облысы бойынша экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің Данияр Өмірбеков.
Айта кетері, рейдтік іс-шаралардың және зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қоқыс полигондарын қадағаламаған ҚР ӘҚБтК-нің 324 және 344-баптарымен 52 лауазымды маман әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 620 605 теңгеге айыппұл салынған. Биыл елді мекендерді санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджет қаражатынан 798,2 млн. теңге бөлінген.

Другие новости

Back to top button