Госорганы

ХҚКО қызметкерлерінің қылмыстық әрекеті: «Азаматтарға арналған үкімет» түсініктеме берді

Ұсталғандар шетелден әкелінген көліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері мен бірнеше тұлғаның шетелден әкелінген көліктерді заңға қайшы негізде ресімдеумен айналысқаны туралы ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мемлекеттік корпорацияның Астана қаласы бойынша филиалының директоры Мәди Садановтың айтуынша, мемлекеттік корпорация көліктерді тіркеу барысында тек құжаттарды қабылдаушы ғана болып қызмет атқарады.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімдерінің қызметкерлері азаматтардың өтініштерін қабылдап, бірыңғай тіркеу тәртібіне сәйкес мемлекеттік органға жолдайды. Одан кейін электрондық өтініштерді қарау Полиция департаментінің процессингтік орталығының құзыретіне өтеді.

«Аталған орталықтың уәкілетті мамандары көліктің иесі мен көлік құралының заңдастырылған құжаттарының іздестірілуде (шектеулер, ауыртпалықтар) бар-жоғын, электронды өтініш пен сканерленген құжаттарды салыстыру арқылы олардың дұрыстығын тексереді. Берілген өтінішті мақұлдау немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайтын «WEB-модуль» сервистік орталығы да Полиция департаментіне тиесілі», — делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Антикор Астана қаласының прокуратурасымен бірлесіп, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ қызметкерлері мен басқа да тұлғалардан құралған ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кескенін хабарлаған болатын. Олар шетелден әкелінген көліктерді алымсыз, төлемсіз әрі заңсыз тіркеумен айналысқан.

Другие новости

Back to top button