Госорганы

Халықаралық іздеу жарияланған «Алтын орда» базарының басшылары әлі табылған жоқ

«Алтын Орда» базарының бұрынғы басшылығы әлі табылған жоқ. Алматы облысы полицейлері күдіктілерді анықтау және ұстау мақсатында бірқатар жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС басшылығы Д.А Әбдіғапаров және басқа қызметкерлері жасаған аса ірі көлемде қаражат жымқыру фактісі Қарасай аудандық полиция басқармасында тіркелген. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша 2022 жылдың 17 қазанында Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 45-бабы 7-бөлігі 3-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі үзіліп қалды (күдікті адамдарды іздеуге байланысты)», — дейді Алматы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Тіленшин.

Айтуынша, қазір департамент қызметкерлері күдіктілерді анықтау және ұстау мақсатында бірқатар жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр

Өзге мәліметтер Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.

Еске салсақ, осы жылдың қаңтарында Алматы маңындағы «Алтын орда» базарының бұрынғы басшылығына халықаралық іздеу жарияланған болатын.

Айта кетейік, 1982 жылы туған Данияр Әбдіғапаровқа, 1982 жылы туған Жұмадин Патовқа, 1984 жылы туған Қанат Жақаевқа, сонымен қатар 1986 жылы туған Айдос Нұрқалиевқа Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша халықаралық іздеу жарияланды.

Другие новости

Back to top button