Гүлмира Сатыбалдыға шыққан үкімді апелляция өзгеріссіз қалдырды
Ол 12 жылға кесілген жазаны өтейтін болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АПЕЛЛЯЦИЯ ШЕШІМІ
Апелляция соты Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Оған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Гүлмира Сатыбалды қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша (126-бап — заңсыз бас бостандығынан айыру, 194-бап – аса ірі мөлшерде бопсалау, 389-бап – өзінше билік ету) айыпталған.
ГҮЛМИРА САТЫБАЛДЫ ЖАЙЛЫ
52 жастағы Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. 2005 жылға дейін Қайрат Сатыбалдымен некеде тұрған. Мамандығы – мұғалім. Екеуінің ортақ үш баласы бар (ұлы Бауыржан және екі қызы: Аружан мен Дария).
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қайрат Сатыбалдыны қамауға алғаннан кейін арада бірнеше күн өткенде Гүлмира Сатыбалды бизнесті рейдерлік басып алды деген күдікпен ұсталды. Прокурордың айтуынша, тергеу барысында ол Қазақстаннан қашуға тырысқан.
Кейінірек ведомство іс рейдерліктен басқа, Шымкент Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының нақты орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстары үшін төленген 741 млн бюджет қаражатын ұрлау бойынша өтіп жатқанын айтты. Гүлмира Сатыбалды бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген залалды өтеген.
Прокурор Гүлмира Сатыбалдыны 13 жылға соттауды сұраған.