Ғалымжан Пірматов базалық ставканы сақтап қалу себебін түсіндірді
ҚР Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті 2023 жылғы 16 қаңтардан бастап базалық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ҚР ҰБ төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алдыңғы шешімде біз базалық мөлшерлемені көтеру циклін аяқтауға жақындап, жаңа проинфляциялық шоктар болмаса, ақша-кредит саясатын күшейту ықтималдығын төмен деп бағалағанымызды білесіздер. Жылдық және айлық инфляция да, экономикалық өсу динамикасы да базалық болжам траекториясы шегінде қалыптасып отыр. 2022 жылдың желтоқсан айындағы жылдық инфляцияның артуы алдыңғы шешімде ескерілген болатын. Осыған байланысты Ақша-кредит саясаты комитетінің соңғы отырысында базалық мөлшерлемені қайта қарау қажеттілігі болған жоқ»,- деді ҰБ төрағасы БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
Алайда, оның атап өтуінше, тәуекелдер балансы әлі де жоғары инфляция жағына ығысқан.
Инфляцияның орнықты бөлігі мен тарихи максимумды жаңартқан инфляциялық күтулер бұрынғыдай алаңдаушылық туғызып отыр.
Логистикалық жеткізу жолдарының құрылымдық өзгеруі де экономикаға кері әсер етуде.
«Инфляция траекториясын төмендету және оны сол күйінде ұстап тұру – біздің негізгі міндетіміз. Инфляцияның жоғарылауына себеп болатын негізгі тәуекелдер мен факторлар базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт ішінде ағымдағы деңгейлерде ұстап тұруды талап етеді», — деді Ғалымжан Пірматов.