Госорганы

Ғалы Бақтыбаев ісі: адвокаттар нағыз қанішерді табуды талап етті

Осыдан екі ай бұрын Ulysmedia.kz сайтында қоғамдық резонанст тудырған мақала жарияланды. Ауыл белсендісі Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты іс бойынша сотталғандардың қорғаушылары мен алқабилер темір тордың ар жағында жазықсыз адамдар отырғанын айтты. Үш жігіт өздері жасамаған қылмыс үшін 15-16 жылдан арқалап, колонияға кете барған. Ал адвокаттары сотта өрескел процессуалдық қателіктер кеткенін және тергеу амалдарының әдейі бұрыс бағытта жүргізілгенін мәлім етті.

Десе де сот және құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай реакция болған жоқ. Прокуратура да фальсификация бойынша қылмыстық іс қозғауға асықпады. Бүгін сот билігінің барлық инстанциясынан көңілі қалған сотталған Азамат Бөкенаевтың әпкесі Сымбат пен Ғалым Ахмеджановтың әйелі Маржан президент Тоқаевқа істің барысын бақылауға алуды сұрап, хат жазды.

Үнсіздік

Астанада Ғалы Бақтыбаевты өлтіргені үшін сотталған Ғалым Ахмеджанов, Азамат Бөкенаев, Иман Мияшовтың қорғаушылары баспасөз мәслихатын өткізді. Қылмыстық істің хроникасын еске түсіріп, мәселенің әділ шешілуі үшін күресті жалғастыратындарын жеткізді.

Ulysmedia.kz тілшісіне берген сұхбатында адвокат Мәкіш Есқараев қылмыстық іс пен сот процестерінің егжей-тегжейіне тоқталды. Алқабилердің қатысуымен сот шешімін қолдан жасау фактілері туралы мәлімдеме жасағанына қарамастан, құзырлы органдар жұмған аузын ашпай отырғаны таң қалдырады дейді ол.

Сонымен бірге, соңғы екі айда қорғаушылар депутаттарға, жоғарғы сот алқасына, прокуратураға, Жоғарғы сотқа, тіпті президент аппаратына да шағым түсірген.

– Ешкім тыңдағысы да, көмектескісі де келмейді, бұл оқиғаға ешкім қызықпайды», — деп таң қалды М.Есқараев.

2019 жылы Ғалы Бақтыбаев өлтірілді, үш рет сот болды, ақтау үкімдері жойылды, судьялар ауыстырылды. Соңғы сот үкімі айыптау актісін шығарды. Кейін белгілі болғандай, он алқабидің жетеуі сотталушылардың кінәсі жоқтығына сеніп, «кінәсіз» деп дауыс берген. Оның үстіне үкім туралы ақпарат ол жарияланғанға екі сағат қалғанда БАҚ-та пайда болды. Айыпталушыларға ауыр жаза тағайындалды:

Ғалым Ахмеджанов – 15,5 жыл, Азамат Бөкенаев – 15,5 жыл, Иман Мияшов 16 жыл түрмеде отырады.

Әділет бәріне ортақ болуы керек

Заңгерлердің айтуынша, олар алған бетінен қайтпайды, соңына дейін күреседі. Апелляциялық алқаның отырысы 26 сәуірде өтеді. Үнсіздікті үзу үшін, атышулы іске тым болмағанда біреу назар аударар деген үмітпен Ғалым Ахмеджановтың жұбайы мен Азамат Бөкенаевтың әпкесі мемлекет басшысына жүгінген.

– Осы азапты төрт жыл ішінде сотталушылардың кінәсіздігі мен бұл қылмысқа қатысы жоқтығы туралы бұлтартпас дәлелдер болғанымен, біз әділеттілікке қол жеткізе алмай келеміз. Осы жылдар бойы біз күйзелістеміз, белгісіздік пен алаңдаушылық уайымдатады. Бұл сот үкімін заңсыз деп есептейміз, өйткені алқабилердің бұл жігіттердің кінәсі жоқ екенін, олардың кінәсі сотта дәлелденбегенін, көпшіліктің ақтау үкімін шығаруды көздегенін жұртшылық алдында жария етіп жатқанын бәріңіз көріп, естідіңіздер», — деді Сымбат Бөкенаева.

Ол бауырының кінәсіз екеніне соттың көзі жетсе дейді, сонымен қатар оның қарапайым адам, кәмелетке толмаған төрт баланың әкесі екенін айтады.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, осы істі жеке бақылауыңызға алуыңызды сұраймын. Ал біз әділдікке қол жеткіземіз деп үміттенеміз. Сіз айтқан Жаңа Қазақстанда баршаға әділдік болады деп сенеміз», — дейді ол.

Хроника

Бес жыл бұрын, президент сайлауы алдында Қарағанды облысындағы Атасу кентінде ауыл белсендісі Ғалы Бақтыбаевты өз үйінің алдында атып өлтіріп кетті. Полицейлер Бақтыбаевтың кімнің алдын кескенін бірден анықтап, істі жедел тергеп, сотқа жолдайды. Бірақ алқабилер айыптауды қолдамай, айыпталушыларды ақтады. Сот шешімі айыптау бағытында емес, кінәсіз деген бағытта шықты. Келесі сот процесі осындай нәтижемен аяқталды, жаңа алқабилер де өз ұстанымдарын білдірді: «қылмыстары дәлелденген жоқ, бұлар қанішер емес». Алқабилердің бұл шешімі сот билігі мен құқық қорғау органдарына ұнамаған секілді. Үшінші сотта алқабилер айыпталушыларды тағы да кінәсіз деп тапқан екен, алайда сот судьясы олардың дауысын фальсификация жасаған. Сөйтіп, сот орындығында отырған айыпталушыларды кінәлі деп тауып, соттап жіберді.

Другие новости

Back to top button