«Есінен танып қалды»: Астаналық студент ұшақта адам өмірін құтқарып қалды (видео)
Қызылордадан Астанаға бағыт алған Qazaq Air ұшағында жолаушылардың бірінің жағдайы нашарлап, рейс қайғылы оқиғамен аяқтала жаздады. Абырой болғанда, ұшақтағы студент алғашқы көмек көрсетіп, адам өмірін құтқарып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде желі қолданушысы оқиға орнында түсірілген видео жариялады. Айтуынша, Дінмұхаммед есімді студент жолаушыға алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалды.
“Қызылордадан Астана бағытында ұшқан ер адамның жүрегі қысылып ауырды. Қатты қорқып кеттім. Медицинадан хабары бар жігіт ойланбастан орнынан тұрып, көмек көрсетті. Жастарымыздың білім болғанына қатты қуандым. Жүрегінің қайта соғуына көмектесті”, – деп жазды Динара Қарлыхан есімді желі қолданушысы.
Болған жағдайға қатысты Дінмұхаммедтің өзі де пікір білдірді. Ұшақта адам өмірін құтқарамын деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті дейді ол.
“Есімім Дінмұхаммед. Астана медицина университетітінің 7-курс студентімін. Ұшып келе жатқанда бортсеріктердің бірі микрофонмен “Бортта медицина қызметкерлері бар ма?” деп сұрады. Айналама қарап едім, ешкімнен жауап болмадым. Шыққаным дұрыс деп ойладым. Шамамен 50 жастағы кісіге көмек қажет екен. Оның шағымдары болды: кеуде қуысының қысылуы, жүрек қысылуы. “Жүрек қысылуы сол жаққа қарай беріле ме?” деп нақтылайтын сұрақтар қойдым. “Сол жағыма, сол қолыма қарай беріледі” деді. Бірден инфаркт миокард деп ойладым. Бортсеріктерден таномер сұрап, қан қысымын өлшедім. Қан қысымы 100/60 көрсетті, төмендеп кетіпті. Перефериялық тамыр соғысын тексердім. Алғашында ол кісіде тахикардия (жүрек соғысының жиілеуі) болды”, – дейді Дінмұхаммед.
Айтуынша, жүрегі қысылған жолаушы есінен танып қалған. Борт жолсеріктері мен астаналық студент бірден реанимациялық шараларға кіріскен.
“Перефериялық тамыр соғысы сезілмеді, тыныс алуы тоқтады және көзінің қарашығы кеңейіп кетті. Ол кісіні жерге жатқызып, реанимациялық шараларға кірістік. 30 компрессиядан кейін ер адам есін жиды. Дәрілерді қарап едім, аспирин бар екен. Екі таблетка аспирин бердім, оттегімен демалу маскасын тақтым. Сол күйінде әуежайға жеткіздік. Бізді сонда жедел жәрдем күтіп тұр екен. Науқасты ауруханаға алып кетті. Сөйтіп өзім үйге қайттым”, – дейді астаналық студент.
Астана медицина университеті оқиғаға қатысты қысқаша түсініктеме берді.
“Астана медицина университетінің интерн-дәрігері ұшақ бортындағы жолаушыны аман алып қалды. Qazaq Air әуе компаниясының Қызылорда-Астана рейсі кезінде жолаушы есінен танып, жүрегі мен тынысы тоқтап қалған. 791-топ интерн Дінмұхаммед Нұрболатұлы Бектұрған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жүрек-өкпе реанимациясын жасап, ұшақ қонғанша жолаушының өмірін құтқарып қалды”, – делінген жоғарғы оқу орнының хабарламасында.
Осы ретте Qazaq Air әуе компаниясы да Дінмұхаммедке алғыс білдірді.
“Әуе компаниясы студент Дінмұхаммед Бектұрғанға бортта көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіреді”, – делінген хабарламада.
Желі қолданушылары да батыл әрекет жасап, алғашқы көмек көрсеткен Дінмұхаммедке тәнті болды.
“Осындай жастарымызды үлгі ету керек”, “Сендей ұлды дүниеге әкелген ата-анаңа мың алғыс”, “Димаштың бәрі мықты азаматтар”, “Білімді білікті жастарымыз көп болсын”, “Жарайсың” деп пікір қалдырып жатты.