АлматыВыбор редакции

«Ешкімнің рұқсатынсыз жерлеп тастаған»: Алматыда жұмбақ жағдайда жоғалған азаматтың мәйіті белгісіз бейіттен табылды

Алматыда осыдан сегіз ай бұрын ауруханадан шығып кетіп, кейін мәйіті көшеден табылған Айдос Мұсаевтың қайтыс болғанын туыстары осы уақытқа дейін білмей келген. Ең сұмдығы, полицейлер марқұмның кім екенін таныса да, ол туралы жақындарына хабарламастан мәйітті белгісіздердің бейітіне көміп тастаған. Ал Айдостың туыстары жоғалған бауырымыздың өлімін бүгінге дейін жасырған полицейлер жазалансын дейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтарына сілтеме жасап.

Айдостың әпкесі Қаракөз Мұсаева бауырымды өз қолыммен жер қойнына тапсырып, бір уыс топырақ та сала алмадым деп жылайды. Көңілін шер басқан әйел аты-жөні жазылмаған, белгісіздер бейітте жақынының жерленгеніне сенбейді.

Қаракөздің айтуынша, Айдос 2 наурыз күні жедел жәрдеммен Іле ауданындағы ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер сол күні кешке науқастың ауруханадан шығып кеткенін айтқан еді. Тек 4-5 күннен кейін азаматтың мәйітін полицейлер Алматыдағы көшелердің бірінен тапқан. Тіпті мәйітханаға апарып, марқұмның жеке басын да анықтаған дейді марқұмның жақындары.

Ең сорақысы, Айдосты тани тұра, оның қайтыс болғаны жайлы хабарды бізге хабарламай көміп тастаған деп ашулы.
Тіпті бауырының ішкі құрылысынан қан кетіп көз жұмғаны да жақында белгілі болған. Ал 8 ай бұрын із-түссіз жоғалған атпалдай азамат кешегі күнге дейін әне-міне қайта оралады деген үмітпен өмір сүрдік дейді Айдостың әпкесі.

“Мәйітханада 18 күн жатқан. 24 наурызда алып келіп осы жерге жерлеген. Ешкімнің рұқсатынсыз. Біз бұл жағдайдан мүлде бейхабар болдық. Үмітпен оралар деп 8 ай бойы күттік. Бір жерде жұмыс істеп жүр деп ойладық”, – дейді Айдостың әпкесі Қарагөз Мұсаева.

Айдостың ауруханадан неліктен қашып шыққаны, дәл сол уақытта дәрігерлердің полицейлерге неге хабар бермегені марқұмның жақындарына жұмбақ.

Қаракөз Мұсаева бауырымның көз жұмғанын қайғылы жағдайлар бюросы анықтамағанда, әлі күнге одан бейхабар жүрер едік дейді. Ал өз қолдарымен арулап жерлемеген соң дәл мына қабірде Айдостың мәйіті жатыр дегенге де күдікпен қарайды.

“Жатқан әруаққа тиіспеңіздер, сүйегіне тиіспеңіздер деп үзілді-кесілді бас тартып тұр. Бұл маған күдік тудырып тұр. Бұл менің бауырым ба, жоқ па?”, – дейді Қарагөз Мұсаева.

Қазір Қаракөз өз бауырының қабірі делінген жерді қазу үшін полицейлерден рұқсат сұрап табаны тозып жүр. Сондай-ақ, 8 ай бұрын мәйітті тауып алса да, оны туыстарына хабарламай белгісіздердің бейітіне жерлей салған құзырлы орган қызметкерлері кешірім сұрап, жазадан құтылып кетпесін деп талап етеді. Ал бұған байланысты Алматының полиция департаментіндегілер алдағы күндері ақпарат береміз деді.

Другие новости

Back to top button