Карагандинская область

Ермағанбет Бөлекпаев Қарқаралыдағы өрттен қаза тапқан құтқарушының үйіне барды

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарқаралы ауданындағы дала өрті кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Хали Хайраттың отбасына көңіл айтып барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыс әкімі Хали Хайраттың отбасына қажетті көмек берілетінін мәлім етті.

«Дала өрті кезінде қаза тапқан батырымыз Хали Хайраттың отбасына көңіл айттым. Оның дала өртімен күресу кезіндегі ерлігі нағыз батылдық пен адалдықтың үлгісі. Хали Хайрат өз өмірін халқына қызмет етуге және туған жерін қорғауға арнады. Осынау қиын сәтте біз Халидің туыстарының қайғыларына ортақтасып, қолдауымызды көрсетеміз. Оның жарқын бейнесі мен ел алдындағы еңбегі ұмытылмайды», — деп жазған Бөлекбаев марқұмның үйінде түскен суретін жариялады.

Ал, Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті өз қызметкерінің отбасы қолдаусыз қалмайтынын жазған.

«Қарағанды облысы мен Саран қаласының әкімдіктері, Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті дала өртін сөндіру кезінде қаза тапқан 24-ӨСБ азаматтық қорғау сержанты Хали Хайраттың отбасына көңіл айтады. 1991 жылы туған Хали Хайрат 2014 жылдың 12 мамырынан бастап азаматтық қорғау органдарында қызмет еткен. Ол Саран қаласында тұрған, жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігімен ерекшеленген», — деп хабарлайды облыстық ТЖД.

Дереккөзге сүйенсек, батырды жерлеу кезінде жергілікті билік бүкіл ауыртпалықты өз мойнына алады.

«Үйде фельдшер мен психологиялық қызмет кезекшілік етеді. Отбасын қолдау бойынша барлық қажетті шаралар Қарағанды облысы әкімдігінің тұрақты бақылауында. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу басталды», — деп хабарлады облыстық ТЖД.

Другие новости

Back to top button