Госорганы

Ерікті қоныс аудару: солтүстікке көшкендерге берілген материалдық көмек бұғатталмайды

Солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан берілген материалдық көмек қаражаты бұғатталмайды. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Министрлік (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі) «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында іске асырылатын ерікті түрде қоныс аударушылардың есебін жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне жолдайды, сәйкесінше аталған мемлекеттік орган бірыңғай оператор ретінде Үкіметке есеп береді. Сонымен қатар, аталған бағдарламаның іске асырылуы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Үкіметтің, Жоғары аудиторлық палатаның және мүдделі мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында», — дейді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министр осы жылдың мамырында Солтүстік Қазақстан облысында Мемлекет басшысының ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша тапсырмаларының орындалуына қатысты жергілікті атқарушы органдардың қызметіне кешенді тексеру жүргізілгенін атап өтеді.

«Тексеру нәтижесінде жаңа жерде жұмысқа орналасу, берілетін тұрғын үйдің сапасы, қоныс аударушылар атында кредиттің көп болуы, жергілікті жерлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстың әлсіз болуы сияқты мәселелер анықталды. Бүгінгі күні аталған бағытта мәселелерді шешу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, ерікті түрде қоныс аударушылардың отбасына тұрғын үй алу үшін экономикалық ұтқырлық сертификатын беру тетігі іске қосылды. Аталған сертификат тұрғын үйді сатып алуға, салуға немесе екінші деңгейлі банктерде алғашқы жарна ретінде пайдалану үшін қоныс аударушылардың отбасына тұрғын үй құнының 50 пайызы, алайда 4 млн теңгеден аспайтын көлемде беріледі. Бұл тетік қоныс аударушыларға тұрғын үйді өздігінен таңдауға және сапасыз үйлердің шешуге мүмкіндік береді», — деді ол.

Әлихан Смайыловтың дерегінше, қоныс аударуды ынталандыру мақсатында оңтүстік өңірлерде солтүстік өңірлердің жұмыс берушілерін тарта отырып, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіледі. Мысалы, биыл Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында «AMANAT» партиясының филиалы өкілдерінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

«Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон саласындағы заңнамаларды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірленіп, бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауында. Бұл заң жобасы қабылданған жағдайда солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан берілген материалдық көмек қаражатын бұғаттамау мәселесі шешіледі», — деді Үкімет басшысы.

Другие новости

Back to top button