Ербаян Мұхтар бүгін таңертең Түркияға ұшып кетті
Әскерде жүргенде басынан ауыр жарақат алып, комаға түскен Ербаян Мұхтарды жақындары емдету үшін Түркияға алып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы отбасының қорғаушысы Инга Иманбай мәлімдеді.
«Ербаян Ыстамбұлға жолға шықты. Ұшақ бүгін таңғы сегізде Астанадан ұшты. Бұл күнге жету де оңайға соққан жоқ. Тоқтаусыз күрес, талмай еңбекпен келді. Бастысы, кеңпейіл халқымыздың мейірімі мен жанашырлығының жемісі. Ербаян, мықты бол! Бұл жартылай жеңіс! Бұйырса үлкен жеңістер алда. Сенің бар өмірің алда. Аман-есен елге өз аяғыңмен оралуыңды күтеміз», — деп жазды ол желідегі парақшасында.
Естеріңізге салайық, былтыр желтоқсан айында Алматыдағы 5571 әскери бөлімнің ұлттық гвардиясында қызмет еткен Ербаян Мұхтар комаға түскен болатын. Әскери бөлімдегілер оның әжетханада құлап, басын плиткаға соғып алғанын айтып, бұл оқиғаны жазатайым жағдай деп түсіндірген. Алайда туыстары бұған сенбейді.
Ал жуырда ІІМ Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов Ербаянның әжетханада құлағанын көрген куәгерлер барын, сол себепті оны ұрып-соқты деп айту әлі ерте екенін мәлімдеді.
Ербаянның мына суретінде оның әскерге енді барған кезі, екінші кадрда қазіргі хәлі бейнеленген.