Госорганы

«Ер азаматтарға да буллинг жасалады»: депутат жанжал шығарған әйел мен ерді бірдей жазалауды ұсынды

Ол қазіргі отбасылық жағдайда бұл мәселеге назар аударылмайтынын айтты

«AMANAT»  партиясы фракциясының мүшесі, депутат Жарқынбек Амантай жанжал шығарған әйелдердің де ерлермен қатар жазаға тартылуы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Менің айтқым келгені, жауапкершілікті тең бөлу керек. Жасыратыны жоқ, кейде ер азаматтарға да буллинг жасалады. Нақты деректерді келтіре алмаймын. Дегенмен қоғамда көріп жүргеніміздей, әйел адамдар да ерлеріне қысым жасайды. Бірақ мұндай деректер көп емес. «Әйелдерді қамасын, оларға айыппұл салсын» дегенді мен заңға ұсыну үшін айтып отырғаным жоқ. Менің айтқым келгені, жауапкершілік, отбасыдан ажыраудың салмағын бәрі тең сезінуі тиіс. Мысалы, оқшауланған ер азамат қандай күйге түсетінін өздеріңіз білесіздер. Сол секілді әйел адамда да «қаласам, қамата саламын» деп емес, «отбасыма сақтап қала алмай қалам-ау» деген қауіп бар», — деді Амантай.

Ол медиация институтын, ақсақалдар алқасының араласуын қолдайтынын айтты.

«Бірақ өкінішке қарай, біз қалаған ақсақалдар алқасы өңірлерде жеткіліксіз. Сот үкімі болып, ақсақалдар алқасына жібереді, ол жерде әртүрлі адамдар бар ғой. Бір сөзге тоқтайтын адамдар болады, тоқтамайтын адамдар болады. Әрине, медиациямен де бұл процестің қалай жүретініне кепілдік бере алмаймыз. Бірақ сот жастарды қайтарып, бітімге келуіне мүмкіндік беруі керек деп ойлаймын. Қысқаша айтқанда, медиациямен шешу керек. Кез келген жанжалда жаза ер адамды ғана жазалауымыз керек деген дүниеден арылуымыз керек. Бұл жерде инспекторлардың тек қана айқай-шу болды деген желеумен ғана келіп шешім шығаруы емес, нақты кімнің кінәлі екеніне бойлайтын адами көзқарас керек. Мен алдағы уақытта бұл заң жобасын қолдаймын. Ұсыныстар болса енгіземіз. Неге біз бір жақты ғана шара қолдана береміз? Екі жаққа да қолдану керек деген мәселені айтып отырмын», — деді ол.

Ол осындай пікірді комитеттің талқылау отырысы кезінде айтқанын жеткізді.

«Мен пікір айттым. Мені сайлаған қауымның 50 пайызы – ер азаматтар, олар  осы пікірді қолдап жатқанын әлеуметтік желіден көріп отырмын. Әрине, әйел адамды ер азаматпен бірдей қатаң жазалау мүмкін емес. Мен оған қарсымын. Отбасында әйелді ұрып-соғатын, зорлық көрсететін, ішкілік пен нашақорлыққа салынған ер азаматтардың болуына қарсымын. Оларға ең қатал заңмен шара қолдану керек. Ал егер әйелге расымен қандайда да шара қолданылатын болса, онда ол заңда ескеріледі деп ойлаймын. Неғұрлым медиацияны көбейту керек деп айтар едім. Бір рет қана кездесіп бітімгерге келтіру аздық етеді. «Ыдыс-аяқ сылдырлаған» сайын отбасыны бітімге шақырып отыру керек және медиацияны 3 рет өткізу қажет», — деді ол.

Другие новости

Back to top button