Госорганы

Энергетика министрі: Үлкен кентінің тұрғындары АЭС орнын таңдауға ғана келісім берді

Парламент палаталарының бірлескен отырысы алдында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үлкен кентіндегі қоғамдық тыңдаудың АЭС салу мәселесінде қандай рөл атқаратынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«БАҚ-та ақпаратты бұрмалап беру байқалып отыр. Үлкен кентінде болған қоғамдық тыңдаудың шешімі ақырғы екені, тұрғындар АЭС салу жөнінде шешім шығарғаны айтылып жатыр. Мен тағы бір рет түсіндіру керек деп ойлаймын. Үлкен кенті тұрғындарының пікірін құрметтейміз. Олардың пікірі — Қазақстан азаматтарының ойын білдіретіні сөзсіз. Олар нысан салынатын орынды таңдауға келісім берді. Яғни, әлі АЭС салу жөнінде сөз болып жатқан жоқ», — деді министр.

Сондай-ақ, ведомство басшысы АЭС салу мәселесіне қатысты процедуралар енді ғана басталғанын еске салды.

«Ол үшін халықаралық талаптарға байланысты тұтас бір процедуралар кешенін атқару керек. Оның ішінде халықаралық агенттік талаптары, Қазақстан заңнамасына сәйкес процедуралар бар. Олар енді ғана басталып жатыр», — деді Алмасадам Сәтқалиев.

Другие новости

Back to top button