Социум

Ең төменгі жалақы – 70 мың теңге. Бұл ақшаға не сатып алуға болады?

Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері келесі жылдан бастап ұлғаяды

Елімізде келесі жылдан бастап 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің табысы өсетін болды. Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері (бұдан әрі – ЕТЖ) 60 000-нан 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылады. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ЕТЖ-дан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндетті. Осының арқасында әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық салаларында жұмыс істейтін жалақысы 70 мың теңгеге дейінгі 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің ақшалай кірісі өседі.

Бірінші кезекте ЕТЖ көтерілуі «жалақысы төмен» қызметкерлерге қатысты болады. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайды.

Azattyq Ryhy тілшісі минималды жалақы – 70 мың теңгеге не сатып алуға болатынын, азық-түліктің ауылдағы және үлкен қалалардағы бағасын салыстырып көрді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ең төменгі жалақы өсті дегенмен, ол қажеттіліктерді жабуға жетпейді екен. Себебі, ауылда тұратын отбасылардың барлығы бірдей жұмыс істемейді.

Қостанай облысы Жангелдин ауданына қарасты Ақшығанақ ауылының тұрғыны Гүлбаршын Махин ауылда ең төмен жалақы алатындардың табысы азық-түлік пен отын-судан артылмайтынын айтады.

«Ауылда көбіне азық-түлікті молынан алып отырамыз. Мысалы, бір қап ұнның қазіргі бағасы – 15 мың теңге. Сонда 1 келі ұн – 300 теңге болып тұр. Қанттың бағасы әр түрлі, біздің ауылда – 650 теңге.  1 келі макарон 600 теңгеден. 5 литрлік сұйық май — 5200 тг. Кәмпиттің ең төменгі бағасы 2800-ден жоғары.

Малдан алынатын өнімдер туралы айтар болсақ, 1 келі сары май — 5000 теңге, құрт 1500-2000 теңгені құрайды. Жылқының базардағы құны 500 мың теңгеден басталса, сиыр бағасы 300 мың теңгеден жоғары. Ал қой 60-70 мың теңге тұрады. Ең арзан деген ешкінің өзі 25 мың теңге», — дейді ауыл тұрғыны.

Ауылдық жерде тұрғындардың көпшілігі малмен күн көреді. Отбасылардың көбінде 5-6 баладан бар. Ерлі-зайыптылардың екеуі бірдей жұмыс істемейтін отбасылар ауылда жетерлік. Жарты айлыққа жұмыс істейтін тұрғындар керегіне жетер-жетпес қана жалақы алады. Оған қоса түсіретін шөбі мен жағатын отыны тағы бар.

«Қазір бір көлік шөптің құны 25-30 мың теңгені құрайды. Ал, көмірдің бір тоннасы 23 мыңнан келіп жатыр. Осының өзінен ауылдағы күнкөріс деңгейінің қандай екені белгілі болып тұр. Ең төменгі жалақыны 70 мыңға көтергеннің өзінде ауыл тұрғындары үшін бұл аз деп есептеймін. Сондай-ақ қатынас, жол жүру құнының өзі қымбаттап келеді. Ауданға дейін 80 км жерге баруға 1500 тг төлеп, 3 мың теңгеге барып келеміз. Ауылдан одан әрі қалаға 5000 мың теңгемен барамыз. Қымбатшылық заманда амал жоқ өзімізге керек болған соң қажетімізді аламыз.  Десе де, біздің ауылдың тұрмыстық жағдайы жаман деп айта алмаймын. Интернет, байланыстың барлық түрлері бар. Су әр үйге бірдей кіріп тұр», — дейді ауыл тұрғыны.

Үлкен мегаполистерде де арзан баға жоқ. Базардағы баға мен үлкен не шағын маркеттегі бағаларды салыстырып қарайтын болсақ, айырмашылық көп емес. Осыған орай елордадағы әр отбасының күнделікті өміріне ең қажет деген азық-түліктердің бағасына зерттеу жүргізіп көрдік.

Қаладағы «Магнум» гипермаркетінде нанның бағасы 115 тг ден басталады. Күнделікті қажет деген:

Сүт 3,2% — 309 тг/л

Қаймақ — 399 тг (ең арзаны)

Ет — 3000 тг/кг

Тауық еті -1700 тг/кг

Сұйық май — 945 тг/л

Қант — 470 тг/кг

Ұн — 959тг/2кг

Шай — 1095 тг

Көкеністерден: Картоп -159 тг/кг, сәбіз — 103 тг/кг, пияз — 97 тг/кг құрайды. Бұл басқа да азық түлік түрлері мен жеміс-жидектерді қоспағандағы баға.

Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметке сүйенсек, азық-түлік нарығында бағаның айтарлықтай өсуі байқалады. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы өткен жылдың мамырымен салыстырғанда 17,9%-ға өскен. Биыл мамыр айының басынан бері азық-түлік құны 0,7%-ға қымбаттады. Ал 5 айда 16,3%-ға өскен. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішіндегі ең қымбаты – тұздалмаған сары май, сиыр еті және сүзбе.

  •  Сары май — 3 177 тг/кг
  •  Сиыр еті — 2 169 тг/кг
  •  Сүзбе — 1 667тг/кг

Қорыта келе, ең төменгі жалақы алатын тұрғындардың айлығының жартысы азық-түлікке, одан артылғаны коммуналдық төлемдерге кетеді. Статистикаға сүйенсек, халық табысының 60%-ға жуығын тек азық-түлікке жұмсайды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы ҚР Үкіметіне ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізуді тапсырды, бұл оның мөлшерін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді. Осы тапсырманы орындау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары динамикалық тәсілдемеге негізделген және негізгі экономикалық көрсеткіштерді ескеретін ЕТЖ айқындау әдістемесін әзірлейді.

ЕТЖ еңбек саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарт болып табылады және тиісті қаржы жылына әр жыл сайын «Республикалық бюджет туралы» ҚР Заңымен белгіленетінін естеріңізге сала кетейік.

 

 

Другие новости

Back to top button