Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов үкімет отырысында (онлайн қатысты) жер сілкінісі 4 облыста болғанын, ең қуаттысы Алматыда болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«3 сейсмикалық оқиға тіркелді. Алматыда 5, Шымкентте 2, Жамбыл облысында 2-3 бал, Жетісу облысында 4 балдық жер сілкінісі болды. Алдын ала тараған ақпаратқа сәйкес нысандар қирамаған», — деді Шәріпханов.
Алматыдағы жер сілкінісі
Алматыда 23 қаңтар күні түнде қуатты жер сілкінісі болды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы 8 адамның жарақат алғаны жөнінде ақпарат таратты.
Құтқарушылар жер сілкінісі болған жағдайда мына 10 кеңесті есте сақтауға шақырды. Олар не дейді:
- Сабырлы болыңыз, үрейленбеңіз;
 - Сілкініс кезінде лифт пен баспалдақты пайдаланбаңыз;
 - Жиһаздардан, терезелерден, люстралардан алыс жүріңіз;
 - Сенімді, берік орын табыңыз: егер сіз жоғарғы қабатта болсаңыз, қабырғалардың бұрышынан орын алыңыз;
 - Үй-жайдан шығыңыз (көпқабатты үйлерде – дүмпу тоқтағаннан кейін);
 - Суды, газды, электр қуатын өшіріңіз;
 - Алдын ала дайындалған шұғыл сөмкені алыңыз;
 - Электр желілерінен, ғимараттардан, ағаштардан аулақ болыңыз;
 - Жер асты дүмпулеріне дайын болыңыз;
 - Балаларға, қарттарға, мүгедектерге көмек көрсетіңіз.
 



