Главное

«Емтиханға телефонмен кіріп, мұғалімді боқтады»: Назарбаев зияткерлік мектебінен шу шықты

«Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин оқу жылы аяқталар кезде мектептен шығып қалған балаға қатысты өз пікірін жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, бүгін депутат Ирина Смирнова 2025 жылдың 23 мамыры күні, яғни, оқу жылы аяқталар сәтте мектептен шығып қалған бала туралы пост жазған болатын.

«Баланы 23 мамыр күні оқудан шығаруға бола ма? Ол бала енді қайда барады? Оны қандай мектеп қабылдайды?», — деген депутат оқиға Алматыдағы зияткерлік мектебінде болғанын жазған.

Құжаттың суреті Ирина Смирнованың парақшасынан алынды

«Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин болса оқушы академиялық адалдық қағидасын бұзғанын мәлімдеп отыр. Оның үстіне, Жанғозинге сенсек, бала ұялы телефонын алып алған ұстазға өте ауыр сөз айтқан екен.

«Мән-жайды түсіндіре кетсем деп едім. Өткен аптада оқушылардан тоқсандық сынақ алынғанда 11-сынып оқушысы академиялық адалдық ережесін бұзып, ұялы телефон пайдаланған. Біздің ережеге сай, емтихан кезінде электронды құрылғылар мен жасырын шпаргалкаларды қолдануға мүлде болмайды. Біз бұны оқушыларға да, ата-аналарға да айтамыз. Баланың ереже бұзғанын көрген мұғалім тәртіпке сай телефонын алып алды. Алайда, оқушы агрессия танытып, басқа балалардың көзінше ұстазға өте ауыр сөз айтты», — деген Жанғозин өз постында жаман сөздің қандай болғанын меңзеген.

Оның айтуынша, мектеп бұл жайтты тіркеп, тиісті құжаттарын да, дәлелдерді де жинаған.

«Ал, оқушының бұл әрекеті мектептің тек тәртібіне ғана емес, ұстазға құрмет таныту керек деген құндылығына да қайшы келеді. Айта кетерлігі, бала бұған дейін де тәртіп бұзған. Біз осы оқиғаны әбден зерттеп, тиісті шешім қабылдаймыз. Ал, баланың бұндай әрекеті үшін мектепті ғана кінәлау теріс деп ойлаймын, өйткені отбасы мен қоғамның да жауапкершілігін естен шығармау керек», — деп жазды ол.

Сөз соңында ол баланы басқа мектепке ауысқанын хабарлады.

Другие новости

Back to top button