Нур-Султан

Елордада 26 мың бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттады

Бүгін еліміз бойынша оқу маусымы басталды. Ел бойынша 400 мың оқушы бірінші сыныпқа барды, оның 26 мыңдайы елорда мектептерінің табалдырығын аттады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елордада мектеп салу жұмыстары тоқтаған емес, десе де оқу ошақтарында орын жетіспеушілігі әлі де сақталып отыр. Кейбір сыныптарда бала саны 35-тен асып кеткен.

Көпбалалы ата-анамын деген Гүлнұр Алпысбаева балаларын мектепке әрең орналастырғанын айтады.

Үш балам мектепке барады, ортаншы қызым биыл бірінші сыныпқа қадам басып отыр. Сыныптарында бала көп, 35-тей бала бар деді мұғалімі. Балаларымның барлығы бастауыш сыныпта, сондықтан олар түгелдей мектепте тамақпен қамтылады екен. Біз үшін бұл үлкен қолдау, — дейді көпбалалы ана.

ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бүгін елордадағы №86 мектеп-гимназиясында өткен Білім күніне арналған салтанатты шараға қатысты.
Оның айтуынша, биыл елімізде 400 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады. Сондай-ақ ол еліміздегі 7,6 мың мектепте 3,7 млн-ға жуық бала білім алатынын жеткізді.

Бүгін еліміздің мектептеріне 400 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады. Бұл — рекордтық көрсеткіш. Былтырғымен салыстырғанда 20 мың балаға көп. Жаңа оқу жылында мектеп бітірушілердің саны – 176 мың. Бұл да жоғары сыныпта оқитын оқушылардың рекордтық саны. Сондай-ақ республика бойынша оқушылардың саны алғаш рет 3,6 млн-нан асты, — деді Аймағамбетов.

 

Сонымен қатар ол оқушылар санының артуымен қатар, салынып жатқан жаңа мектептердің саны да жыл сайын көбейіп жатқанын айтты.
1 қыркүйекте ҚР Президентінің Жолдауы аясында салынған 80-ге жуық жаңа мектеп жұмысын бастады. 2022 жылдың соңына дейін барлығы 230 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр, — деді министр.
Еліміздің 7,6 мың мектебінде 380 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді екен.

Другие новости

Back to top button