Нур-Султан

«Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталады

 Астана қаласында «Елорда жастары» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

«Елорда жастары» — қала әкімдігі мен Отбасы банктің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) бірлескен жобасы.

Бағдарлама жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік береді. Оған қатыса алады: жас мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, мәдениет саласының қызметкерлері, спортшылар, ЖОО ұстаздары мен ғылыми қызметкерлер, әлеуметтік сала мен коммуналдық қызмет қызметкерлері, Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, сондай-ақ Астана қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған жетім балалар.

Қарыз алушылардың жасы 35-тен аспауы тиіс.

Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға Астана қаласы әкімдігі 1,5 млрд теңге, Отбасы банк 1,5 млрд теңге бөліп отыр. Бұл қаражатқа 200-ге жуық тұрғын баспаналы болады деп күтілуде.

Әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жергілікті атқарушы билік қалыптастырады.

Өтініштер qatysu.zhilfond.kz сайтында 2023 жылдың 30 мамыры сағат 9:00 бастап, 6 маусым сағат 23:59 дейін қабылданады. Авторизациядан өту үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет.

Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң қатысушыларды іріктеу басталады. Үміткерлер пулы балдық жүйе бойынша қалыптасады, онда — еңбек өтілі, өтініш берушінің 1, 2, 3-інші мүгедектік тобына жататын-жатпайтынын (ерлі-зайыптының немесе балаларының бірі) ескеріледі.

Пул құрылғаннан кейін оның қатысушылары Отбасы банкінен несие алуға жолдама алады.

Банк бағдарлама қатысушысының төлем қабілеттілігін тексеріп, жылдық 5 пайызбен (ЖТСМ 5,2% бастап) жеңілдетілген несие береді. Алғашқы жарна – 10%. Елордалық жас тұрғындарға берілетін несиенің ең жоғары сомасы – 18 млн теңге, мерзімі – 25 жылға дейін.Оның көмегімен бастапқы немесе қайталама нарықтан, сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның кепілдемесімен үлестік қатысу шарты бойынша салынып жатқан үйден баспана сатып алуға болады.

Другие новости

Back to top button