Госорганы

Елімізде ұн мен қант тапшылығы бар ма – Министр жауап берді

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елімізде алдағы уақытта қант пен ұн тапшылығы күтілмейтінін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Министр былтырғы жылғы келеңсіз жағдайдан соң шаралар қабылданып, бүгінде қанттың тапшылығы жойылғанын алға тартты.

«Біз қант бағасының 11 пайызға арзандағанын байқап отырмыз. Қант тапшылығы болмайды. Осыған байланысты біз бағдарлама қабылдадық. Қант зауыттарын несиелендіріп, қаржы бөлу арқылы бүгінде төрт зауыт 70 мың тоннаға жуық қант өндірді», — деді министр.

Осы орайда министр ел нарығына қанттың Ресейден де әкелінетінін тілге тиек етті. Айтуынша, бұл елдегі қант қорында тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.

Одан бөлек, Шаққалиев елде ұн тапшылығының да жоқ екенін жеткізді. Алайда айтуынша, дәл осы мәселе бойынша Жамбыл, Атырау, Ұлытау облыстарында, Шымкентте баға күрт көтеріліп жатыр.

«Бүгін жиын өткізіп, оның себебі неде екенін анықтадық. Қазір елімізде ұн тапшылығы жоқ екенін жауапкершілікпен айтқым келеді. Корпорацияларда 95 мың тонна астық қоры бар. Бұл қордан бірінші сұрыпты ұннан әлеуметтік маңызы бар бағаға сатылатын нан дайындайды», — деп түсіндірді Арман Шаққалиев.

Министр сондай-ақ 200 мың тоннаға жуық астықтың Ресейден келетінін жеткізді.

Другие новости

Back to top button