“Елімізде саяси жүйені қайту құру қадамдары жасалып жатыр“
Қазбек Майгелдинов - саясаттанушы
Бұл туралы саясаттанушы, Ұлттық құрылтай мүшесі Қазбек Майгелдинов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кеше елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтті. Бүгінгі таңда Орталық сайлау комиссиясы мен Exit poll нәтижелерін де көріп отырмыз. Айқын басымдықпен президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау қорытындысы бойынша жеңіске жетті. Біріншіден, Халықтық коалиция атынан шығып отырған үміткер штабының кең ауқымда жұмыс істегенін атап өтуге болады. Өйткені еліміздің түкпір-түкпірінде Халықтық коалиция республикалық-қоғамдық штабының өкілдері кездесулер өткізіп, әлеуметтік желілерде де өзінің белсенділігін танытты. Жалпы, бұл саяси технологиялардың кең ауқымды қолданылуының нәтижесі деп білуге болады. Сонымен қатар бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі – байқаушылардың көп болғандығы. Бұл еліміздегі саяси мәдениеттің, жалпы азаматтық белсенділіктің артып келе жатқандығының көрінісі, — деп атап өтті саясаттанушы.
Айтуынша, мемлекетімізде саяси жүйені қайта құруға бағытталған қадамдар жасалып жатыр.
Екіншіден, Қазақстанның кез келген азаматын сайлауға дауыс беру үшін ғана емес, сайлаудың әділ, ашық өтуіне өзінің тікелей қатыстылығының көрінуін де байқау қиын емес. Одан кейінгі тағы бір басымдығы – елімізде жүріп жатқан саяси реформалардың практикалық іс жүзіндегі шегеленіп, жүзеге асуы. Өйткені жазда өткен конституциялық реформалар бойынша жалпыұлттық референдум да электроралдық цикл болды. Бұл жерде Президент халықпен бірге аталған өзгерістерге таңдау жасауға шақырды. Енді ол өзгерістерді жүзеге асыру үшін ең алдымен Президенттің өкілеттілігін шектеу және оның бірреттік мерзімге сайлануы бойынша конституциялық өзгерістер қолға алынды. Республикадағы кезектен тыс Парламент жүйесін, Мәжіліс сайлауын өткізу келесі жылға жоспарлануда. Мұның барлығы жалпы саяси элитаны, саяси жүйені, мемлекеттік аппаратты қайта құруға бағытталған қадамдар. Сондықтан қазіргі таңдағы елдегі саяси жаңғыру осындай нақты саяси өзгерістерге халықтың белсенді қатысуымен орын алып отыр, — деді Қазбек Майгелдинов.