Госорганы

Елімізде пешті дұрыс пайдаланбау себебінен бір аптада 6 адам улы газдан уланған

Уланып ауруханаға жеткізілгендер арасында 2 бала бар

Елімізде суық ауа райының басталуымен пешті дұрыс пайдаланбауға байланысты жазатайым оқиғалардың саны артып жатыр. Соның салдарынан тұрғындардың улы газдан улануы деректері де жиі тіркеле бастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, негізінен мұндай жағдайлар аяздың басталуымен, пешпен жылыту басталған кезде және халық қарапайым қауіпсіздік ережелерін естен шығарған кезде болады.

«Өткен аптада республика аумағында пешті дұрыс пайдаланбау себебінен 6 адам улы газдан уланды, оның ішінде 2-і бала, сондай-ақ 2 адам термиялық күйік себебінен ауруханаға жатқызылды. Атап айтқанда, Астана қаласында Сарыарқа ауданындағы жеке тұрғын үйде қатты отынмен жылытылатын пештің ақауына байланысты улы газдан уланып, 1997, 2018 және 2020 жылы туған 3 адам ауруханаға жеткізілді, оның ішінде 2 бала бар», — делінген ведомство хабарламасында.

Қызылорда облысында Қармақшы ауданындағы Ақтөбе ауылында жеке тұрғын үйде қатты отынмен жылыту пешінің тартуының болмауына байланысты улы газдан уланып, 1988 жылы туған үй иесі ауруханаға жатқызылды. Оның жағдайы орташа дәрежеде.

«Улы газдан уланудың үшінші жағдайы Атырау қаласында болды. Жеке тұрғын үйде табиғи газбен жылытылатын пешті пайдалану ережелерін бұзудың салдарынан газ ағып, нәтижесінде 1954 жылы туған үйдің иесі ауруханаға жатқызылды.

Сонымен қатар Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Қарқаралы қаласында екі пәтерлі тұрғын үйде улы газдан улану жағдайы тіркелді. Қатты отынмен жылытылатын пешті пайдалану ережелері бұзылғандықтан, № 2 пәтерде тартудың болмауына байланысты 1998 жылғы пәтер иесінің ұлы ауруханаға жатқызылды», — делінген хабарламада.

 

Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігін сақтамау және қатты отын жағуға арналған пешті пайдалануды өрескел бұзу фактісі тіркелді. Мәселен, Жетісу облысы Алакөл ауданы Ж. Балапанов ауылындағы ауылдық мешітте жылыту пешін бензинмен жағу кезінде 18% және 4% термиялық күйік алып, сәйкесінше 1988 және 1973 жылғы тұрғындар ауруханаға жатқызылды.

Улы газ ауадағы әртүрлі отындардың толық жанбауынан пайда болады. Улану көбінесе пештің мұржасы мерзімінен бұрын жабылған кезде пайда болады. Жанбаған көмір көмірқышқыл газымен әрекеттесіп, көміртегі тотығы (улы газ) түзіледі.

«Улы газбен уланудың себептері пешті жылыту ережелерін бұзу (пештің қақпағын уақтылы жаппау, отынға таза ауаның жеткіліксіз түсуі, нашар тарту), сондай-ақ пеш пен мұржаның дұрыс жұмыс істемеуі (пештің құрылымындағы жарықтар, бітелген мұржа) болуы мүмкін. Улы газдың түсі мен иісінің болмауы газды ерекше қауіпті етеді. Сіз аурудың себебі улы газ екенін білмеуіңіз мүмкін. Бір бөлмедегі барлық адамдарда бірдей белгілердің көрініс табуы улы газдан улану уақытын тануға мүмкіндік береді», — едйді төтеншеліктер.

Көміртегі тотығымен уланудың белгілері әртүрлі — бас ауруы, шекенің зырқылы, жүрек айну, құсу, ұйқышылдық, қысқа мерзімге талып қалу, паралич, естен тану, тыныс алу және мидағы қан айналымының бұзылуларымен болатын коматозды жағдай. Уланудың ауыр жағдайлары жүрек қызметінің тоқтап қалуына әкеп соғуы мүмкін. Зардап шеккен адамды дереу ауруханаға жатқызу қажет.

Дәрігерді күту кезінде науқасты таза ауаға шығару керек – оған ауруханадан тыс жерде осылай ғана көмектесуге болады. Әрі қарай, стационар жағдайында оттегінің ұзақ ингаляциясы, жасанды аппараттық тыныс алу жүргізіледі; зардап шеккен организм жүйелерінің тіршілігін қалпына келтіретін құралдар қолданылады.

«Тұрғындарды адам өмірін сақтап қалу үшін пештер мен жабдықтарды пайдалану кезінде қажетті сақтық шараларын сақтауға шақырамыз», — делінген ТЖМ хабарламасында.

 

Другие новости

Back to top button