Госорганы

Елімізде медициналық жабдықтар мен дәрілер сатып алуда жемқорлыққа жол берілген

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет медицина және фармация салаларында жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Соңғы үш жылда мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесіне жұмсаған шығыстары 1,5 есеге ұлғайып, 5,8 трлн теңгені құрады (2021 жылы – 1,6 трлн теңге, 2022 жылы – 1,7 трлн теңге, 2023 жылы – 2,5 трлн теңге).

2027 жылға қарай ЖІӨ-нің жалпы көлеміндегі медицинаға жұмсалатын шығыстардың үлесін 5%-ға дейін жеткізу жоспарлануда (2023 жылы – 3,8%).

Сонымен қатар жемқорлық көріністері мен көптеген қаржылық бұзушылық осы саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік шаралардың тиімділігін төмендетеді.

Сыртқы талдау нәтижелері бойынша дәрілік заттар мен медициналық жабдықтар айналымының барлық кезеңдерінде, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алу, оларды сатып алу көлемін жоспарлау процесінен бастап, медициналық техникаға сервистік қызмет көрсетуге және отандық тауар өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар (оффтейк-келісімшарттар) жасасуға дейінгі жемқорлық тәуекелдері анықталды. Дәрілік заттардың қажеттілігін, сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің құнын арттыру, түрлі ауруларға қарсы вакциналарды уақтылы сатып алмау, талап етілмеген жабдықтарды сатып алу, сондай-ақ негізсіз төлемдерді есептеу фактілері анықталды.

Талдау көрсеткендей, жоғарыда аталған фактілердің себептеріне сатып алуды жоспарлау тетіктерін автоматтандырудың жеткіліксіздігі, ақпараттық жүйелер мен дерекқорлардың жетілмегендігі, жеткізушілер арасында бәсекелестіктің болмауы, лауазымды тұлғалардың қалауы бойынша өкілеттіктері, ведомстволық бақылаудың жеткіліксіздігі және т. б. жатады.

Талдау қорытындысы бойынша биыл 17 сәуірде Агенттік Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп анықталған жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі жол картасын бекітті.

Іс-шараларды іске асыру барысы бақылауда.

Другие новости

Back to top button