Госорганы

Елімізде еңбек дауларына қатысты «сағаттық ескерту ереуілі» ұғымы енгізілуі мүмкін

Еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату жөніндегі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек

Еліміздегі еңбек дауларын бейбіт түрде шешу үшін заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында талқыланды, деп хабарлайды Azattuq Ruhy.

Биыл еліміздің бірнеше өңірінде еңбек қатынастарына қатысты көптеген митингтер болды. Ереуілдердің басым бөлігі келіссөздер кезеңіне сол күйі жетпей жатады. Нәтижесінде олардың барлығы заңсыз деп танылады, ал жұмысшылардың мәселелері шешілмей қалып жатыр. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, бұл келіссөздер мен бітімгершілік институттарының жұмысындағы кемшіліктердің бар екенін көрсетеді. Осы ретте еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату жөніндегі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

«Келісім комиссиясының рөлін күшейту және мәртебесін арттыру керек. Келісім комиссиясының жұмыс тәртібін бірыңғай жергілікті нормативтік-құқықтық актіде – комиссия жұмысы туралы келісімде көрсету ұсынылады. Қызметкерлерді осы құжатпен таныстыру жұмыс берушінің міндетіне айналады. Бұл ретте заң жобасында келісімнің мазмұны нақты айтылады. Келісім комиссиясына жүгінуге құқығы бар адамдардың қатарына бұрын еңбек қатынастарында болған қызметкерлер қосылады. Оның ішінде еңбек қатынастары кезеңінде комиссияға өтініш жазбағандар да бар. Өтінішті қайтарып алу мүмкіндігі де бар», — деді Заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Бұл орайда келісу комиссиясының шешімін орындаудың нақты мерзімдері ескертіледі.

Екінші мәселе ереуілдерді ұйымдастыру процедурасын жеңілдетуге қатысты.

«Заң жобасында жұмыс берушінің жиналыстарды өткізуге ғимарат ішінен арнайы орын беру міндеті бекітіледі. Оларды ұйымдастыру оңайырақ және қолжетімді болады. Ереуілді өткізу туралы шешімді жұмысшылардың 2/3 емес, қарапайым көпшілік қабылдай алады, бұл ретте конференция кворумы да қысқарады. Арбитраж кезеңінде өткізілуі мүмкін және ұжымның талабын көрсететін еңбек дауларына қатысты сағаттық ескерту ереуілі ұғымы енгізіледі. Егер кәсіпорында бір мезгілде кәсіптік одақ және қызметкердің сайланбалы өкілі болса, ереуіл туралы шешім қабылдау үшін бірыңғай орган құрылады», — деді депутат.

Сондай-ақ, заң жобасында еңбек төрелігінің құрамына үшжақты комиссиялардың өкілдерін енгізу көзделген, бұл осы институттың жұмысын жандандыруға мүмкіндік береді.

«Жалпы, заң жобасы бір жыл ішінде әзірленді. Құжатты дайындау барысында еңбек құқығы саласындағы үздік тәжірибелер, Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстары пайдаланылды. Кәсіподақ ұйымдарымен және жұмыс берушілер қауымдастығымен консультациялар өткізілді. Құжат әртүрлі жерлерде талқыланып, сарапшылар мен Үкіметтің қолдауына ие болды. Қазіргі уақытта жұмыс жалғасуда», — деп аяқтады өз сөзін Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Другие новости

Back to top button