Эксклюзив: Келестегі қанды қылмысқа күдікті адам мектепте штаттан тыс жұмыс істеген – Тәжібаев (ВИДЕО)
Түркістан облысы Келес ауданында оқушы қыз бен оның анасын өлтірді деген күдікті ауылдың мектебінде кезінде штаттан тыс жұмыс істеген. Бұны Azattyq Rýhy тілшісіне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев растады.
Оның айтуынша, күдікті адам мектепте «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша штаттан тыс жұмыс істеген.
«Біріншіден, ол мұғалім болып жұмыс істемеген. Ол «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2023 жылдары қосымша жұмыс істеген. 2023 жылы оны жұмыстан босатқан. Ол мектепте мұғалім болып штатта жұмыс істемеген. Жұмыспен қамту басқармасының қоғамдық жұмысқа тарту бағытында субсидияланған жұмыс орнында келісімшартпен жұмыс атқарған», — деді бүгін Тәжібаев.
Әкімнің орынбасары күдікті адам нашақор болған-болмағанын сараптама көрсетеді деді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада 29 жастағы ер адам 16 жастағы оқушы қыз бен оның анасыне аяусыз өлтіргені үшін қамалды. Ауыл тұрғындары күдікті мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ бергенін айтқан. Куәгерлер күдікті оқушы қызға үнемі қырындаған соң мектептегі аспаз анасы директорға шағымданып, ақыры директор оны жұмыстан шығарған дейді. «Өлімнің басты мотиві – кек алу» болған деп отыр ауыл адамдары.
Құзырлы органдар ақпаратты қанша жасырғанымен, қаза тапқан әйелдің қыздары видеоүндеу жариялап, бүкіл елге қанды қылмыстың қалай орын алғанын айтты. Ең бастысы, екі қыздың айтуынша, қазір оларға полиция қызметкерлері қысым көрсетіп жатыр. Олар Бас прокурор мен ішкі істер министрінен көмек сұраған. Олар күдікті азаматты өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етіп отыр.