Доллар курсы тағы да аздап түсті
Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттық нәтижелері бойынша доллар бағамы төмендеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
KASE-дегі күндізгі сауда қорытындысы бойынша доллардың орташа сараланған бағамы 505,05 теңгені құрады, бұл алдыңғы көрсеткіштен 1,5 теңгеге төмен.
Ал Алматыдағы айырбастау пункттерінде долларды орташа есеппен 511,5 теңгеден сатып алып, 515,7 теңгеден сатуда.
Бұған дейін ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров доллардың 500 теңгеге дейін өсетіні болжанғанын айтқан болатын.
– Валюта бағамы, түсінікті. Бізде нарықтық баға бар. Біз қазір бір доллар үшін орташа жылдық болжам 460 теңге болды. Біз қазір осы дәлізде тұрмыз. Яғни, бір күндік бағам – 470 теңге, содан кейін – 490 теңге, 500 теңгеге дейін жетті, қазір кері төмендеп жатыр, — деді Байбазаров.
ДОЛЛАРДЫҢ ҚЫМБАТТАУЫ
28 қарашадағы Қазақстанның айырбастау пункттерінде валюталардың орташа өлшенген бағамы белгілі болды. Доллар 525 теңгеге сатыла бастады. 18 қарашада Қазақстанның айырбастаушыларындағы доллар бағасы 500 теңгеден, ал 26 қарашада 503 теңгеден асқан еді.
Ұлттық банк осыған байланысты интервенция жүргізді.
Артынша Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.