Главное

«Директордың емес, әкімшіліктің кемшілігі»: Асхат Аймағамбетов мектепке салынатын айыппұлдың негізсіз екенін айтты

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бюджеттік мекемелердің басшыларына өздері тікелей әсер ете алмайтын мәселелер үшін айыппұл салуды тоқтату қажет екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутаттың айтуынша, бүгінде мектеп, аурухана, балабақша, колледж сияқты мекемелердің директорларына жүз мыңдаған айыппұл салу проблемасы ушығып барады.

“Кейін сол 500-600 мың айыппұлды директор қалай және кімнен жинайтыны айтпаса да түсінікті ғой. Мектеп директорларын мектептің үш ауысымды болғаны үшін немесе құрал-жабдықтары мен лабораториялары жеткілікті деңгейде болмағаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүрлеу әділетсіз. Өйткені, егер мектеп үш ауысымды болса, бұл директордың кінасы емес, әкімшіліктің кемшілігі. Бұған қоса, мемлекет тарапынан мектептердің жеткіліксіз қаржыландырылуы да осы мәселелерге әкеледі”, – дейді Асхат Аймағамбетов.

Ол мектеп директорының құзыретіне жатпайтын, яғни өзі тікелей әсер ете алмайтын мәселелер үшін оларға айыппұл салуды доғару керегін атап өтті.

“Сондай-ақ, дәрігерлерді өз мамандығынан тыс жұмыс істеуге тартқан, қажетсіз есептерді талап еткен үшін жауаптылыққа тарту құзыретін полициядан алып, бұл өкілеттікті Денсаулық сақтау министрлігінің комитетіне беру ұсынысымды білдірдім.

Кезінде біз дәл осындай шешім қабылдап, соның арқасында қағазбасылықпен, мұғалімдерді өзіне тән емес жұмысқа тарту проблемасымен күрес нәтижесін берген болатын. Сонда біз мыңдаған заңды бұзған басшыларды жауапкершілікке тартып, осылайша беттерін қайтарып, жағдайды өзгерткенбіз. Тиісті түзетулерді бердік”, – деп жазды депутат.

Бұған дейін Асхат Аймағамбетов мектеп директорларына тым көп жауапкершілік жүктелгенін айтқан еді.

Другие новости

Back to top button