Діни бірлестік құру үшін неше адамның бастамасы керек – Министр жауап берді

Мәжіліс депутаттарына Қазақстан заңдарына қоғамдық бірлестіктер бағытында өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын таныстырған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева діни бірлестік құру үшін неше адамның бастамасы керектігін айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Қоғамдық бірлестік құру үшін 3 адамның бастамасы жеткілікті болатынын айтып отырсыз. Сіз ұсынып отырған өзгерістер мен толықтырулардың мүмкіндігін пайдаланып, діни радикалды топтар өздерінің қоғамдық бірлестіктерін құруға кірісетіні айдан анық. Өздері құруы мүмкін, біреулердің атынан ашуы мүмкін. Осыны реттеудің қандай мүмкіндіктері бар?», — деп сұрады депутат Ермұрат Бапи.
Министрдің сөзінше, олай уайымдауға негіз жоқ.
«Діни бірлестіктерді құру, тіркеу бұл заң жобасының тетігіне кірмейді. Олардың арнайы заңдары бар – «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң. Осы заңда діни бірлестіктерді құру үшін жергілікті орында 50 адам, республика деңгейінде 5 мың адам ниет еткенде ғана тіркеледі. Ал осы заң жобасына бұл тетіктер кірмейді. Сондықтан ондай қауіп-қатер жоқ. Уайымдамауға болады», — деді Аида Балаева.