Госорганы

Депутаттар зейнетақы қорындағы ақшаға баспана салуды ұсынды: үкімет бұған не дейді

Мәжілістің бір топ депутаты халықты баспанамен қамтамасыз ету үшін зейнетақы қорындағы ақшаға әлеуметтік тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды ұсынған болатын. Алайда премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұсыныстан бас тартты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сингапур моделі

Бұған дейін мәжіліс депутаттары азаматтарды қысқа уақыт аралығында баспаналы ету үшін Сингапурдың тәжірибесін енгізуді ұсынды. Әрбір сингапурлық Ли Куан Ю құрған Орталық жинақ қорына жалақысының 20 пайызын ай сайын аударуға міндетті. Жұмыс беруші де әр ай сайын қызметкері үшін дәл осындай аударым жасайды. Осылайша бұл жарналар қосылып, жалақы қорының 40 пайызын құрайды.

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда сингапурлық моделді енгізу (яғни, зейнетақы қорына жалақыдан 20% және жұмыс берушіден 20% жарна аудару) теріс салдарларға әкеп соғуы мүмкін деп санайды. Себебі біздің елде халықтың жалақысы Сингапурмен салыстырғанда әжептәуір аз.

«Мысалы, Қазақстан азаматтарының жалақысы Сингапурға қарағанда едәуір төмен және аударымдар мөлшерінің артуы олардың табыстың одан сайын төмендеуіне әкеледі. Салдарынан әлеуметтік шиеленіс пайда болады», — дейді үкімет басшысы.

Оның үстіне міндетті аударымдар бойынша жүктемені азайту үшін жұмыс берушілер ресми жалақының мөлшерін әдейі қысқартуы да мүмкін.

Зейнетақы жинағына баспана салу

Сонымен қатар Сингапурда мемлекеттік тұрғын үйді 99 жылға жалға беру тетігі де жұмыс істейді. Халықтың 80 пайыздан астамы дәл осындай баспанада тұрады. Осыған байланысты мәжіліс депутаттары БЗЖҚ қаражатына сатып алу құқығымен берілетін әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысын ұзақ мерзімге қаржыландыруды ұсынды.

Алайда үкімет бұл бастаманы қолдамады. Бектеновтің айтуынша, әлеуметтік баспананың құрылысына салынған инвестицияда біршама тәуекел бар. Ол теріс рентабельділікке, ашықтықтың болмауына және салынған қаражаттың қайтарымдылығына байланысты.

«Құрылыс саласы тәуекелі өте жоғары салаларға жататынын ескеріп, осы кезеңде әлеуметтік жылжымайтын мүлік құрылысын қаржыландыру үшін БЖЗҚ қаражатын тікелей инвестициялау тиімсіз деп санаймыз», — делінген премьердің жауабында.

Үкімет басшысының айтуынша, мемлекет қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін өзге де шаралар қабылдап жатыр.

Мәселен, қазір мәжілістің қарауында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жаңа тәсілдер мен бағыттарды көздейтін заң жобасы жатыр. Осы заң жобасы аясында Отбасы банк базасында бірыңғай «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» құрылады. Бұл тұрғын үй кезегін ашық жүргізуге және оны мұқтаждарға беру үшін «бір терезе» қағидатын қолдануға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін азаматтарды алып тастау және баспанаға шынымен мұқтаж адамдарға үй беру үшін кезекте тұрғандардың тізімін тұрақты түгендеу жүргізіледі. Мәселен 2023 жылдың 1 тамызынан бастап тәртіп бұзған 47 мыңға жуық азамат кезектен шығарылды.

Бұған қоса биыл 1 наурыздан бастап «Отау» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Оның аясында сегіз жылда 56 мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

«7-20-25» ипотекалық 2029 жылға дейін ұзартылды, оны іске асыруға осы жылы шамамен 100 млрд теңге көзделген.

Сонымен қатар биыл 1 мамырда купондық сыйақыны субсидиялау тетігі есебінен Отбасы банкінің «Наурыз» жаңа ипотекалық бағдарламасы басталды. Оның аясында 70 мыңға жуық мұқтаж азамат баспаналы болады.

Другие новости

Back to top button