Депутаттар Қазақстанда жұмыс істейтін аналарды қолдау үшін әлеуметтік бала күтушілерді енгізуді ұсынды

Сенатор Жанна Асанова жұмыс істейтін аналардың балалары қараусыз қалмас үшін әлеуметтік күтушілерді енгізуді ұсынды. Сөзінше, декреттік демалыстағы аналар мансап тұрғысынан біршама осал болып қалады. Ал бала тәрбиесі мен мансабын алып жүру үшін арнайы күтушілер қажет дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 7-арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Сенатор Жанна Асанова парламентке депутаттыққа келгенге дейін көп еңбек еткенін айтады. Студенттік шағында медбике болып бастаған, кейін Алматыдағы емханалардың бірінде педиатр болған. Бизнесте де өзін сынап көріпті.
Ол үш баласы бар әйелге мансап құру, ана болу және үй шаруасын қатар алып жүрудің қаншалықты қиын екенін өз тәжірибесінен біледі. Сондықтан ол гендерлік теңдік мәселелерін жоғары мінберлерден көтеріп келеді.
“Жұмыспен қамтуға келетін болсақ, жағдай көңіл көншітпейді. Өйткені әйелдерімізге үй шаруасының ауыртпалығы көбірек түседі. Қазір, әсіресе, декреттік демалыста жүрген аналар үшін белгілі бір мәселе бар. Бұл – декреттік демалыстың аяқталуы мен баланы балабақшаға қабылдау арасындағы уақыт аралығы. Алты айлық баланы балабақшаға беру мүмкін емес. Біз бұл мәселелерді көтердік, шешіледі деп сенемін”, – деді сенат депутаты Жанна Асанова.
Сонымен қатар депутаттар еңбек ұжымдарында балалар бұрыштарын көбейтуді, декреттік демалыстағы аналар үшін онлайн жұмысты арттыруды, әлеуметтік күту қызметін енгізуді ұсынып отыр.
“2020 жылы мемлекет басшысы басшылықтағы әйелдердің үлесін 30%-ға дейін арттыру туралы ауқымды міндет қойды. Квазимемлекеттік секторда, бірақ, бұл көрсеткіш 12-ге әрең жетеді. Ұлттық компаниялардың директорлар кеңесі – 12%. «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясын қосқанда 7 пайызында әйелдер мүлдем жоқ”, – деді Асанова.