ГлавноеГосорганы

Депутат: су тасқынына айыпты – 30 жыл қазақты тонағандар

Қазір судың ағынымен қатар, ақпарат ағыны да қауіп төндіріп тұр. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев ұлт басына нәубет туғанда су тасқынымен қатар қауіп төндіріп тұрған қоғамдағы негізгі түйткіл «ақпараттық соғыс» жайлы айтты, деп жазады Azattyq Ruhy.

«Қарапайым халықты кедейлікке әкелген бұрынғы жүйенің бай-бағландары қазіргі табиғи апаттан ұпай жинау үшін жанталасып жатыр. «Құлқынның құлы болғанша, Халқыңның ұлы бол» дегенді 30 жыл бойы құлағына қыстырмағандар қазіргі жағдайды саяси есеп айырысудың құралына айналдыру үшін өлімдесуде. Қазіргі су тасқынының бетін қайтаруы тиіс болған бөгеттер мен бөгендердің салынбауы, каналдардың ретке келтірілмеуі 30 жыл бойғы салғырттық екенін, 30 жыл бойғы жемқорлық екенін тәуелсіздік алғалы қазақты қан қақсатып тонағандар мойындағысы келмейді, әрине. Қазақстандағы су қоймалары мен бөгеттер 50-70 жылдары салынған. 1990 жылдан ол жерлер жөндеу көрмеген. Жаңа су қоймалары салынбаған», — деді депутат.

Биылғы тасқынның алдын алу неге мүмкін болмады деген заңды сауалға жауап іздеген депутат жемқорлықпен қатар, оған себеп ғылымға жағдайдың жасалмауы деді.

«Салдарынан 90-шы жылдардың тоқырауында 40 мың ғалым саланы тастап кетуге мәжбүр болған. Осынша олқылыққа, яки қылмысқа жол берген 30 жылдық ескі жүйенің шабармандары, бүгінгі жаңа буынға қарсы ақпараттық соғыс ашып әлек. Олар жалған ақпараттың жарға жығатынын білсе де, ағайынды арандату үшін барын салып әлек. Бірақ қазақтың бірлікті бірінші орынға қоятынын және ұлтының қамын құлқынының қамынан артық қойғандарды ұмытпайтынын білу керек олар», — деді Нартай Сәрсенғалиев.

Еске салайық, бұған дейін Нартай Аралбайұлы ғылымға бөлінген қаражат мәселесі жөнінде депутаттық сауалында айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «құзырлы мекемелер, яғни, әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс істемейді. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет» деген еді.

«Шынымен, жұмысына салғырт қараған мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысының лауазымына, тегіне қарамастан жазаға тарту керек. Бұл – Президенттің және елдің нақты талабы. Аптаның аяғында қарғын судан қатты зардап шеккен Атырау облысындағы Құлсары қаласы мен Батыс Қазақстан облысына аяқтай бардық», — деген депутат апат аймақтарындағы жағдайды баяндады.

Соңғы ақпарат бойынша, Құлсарыда 2900 үй су астында қалған. Батыс Қазақстан облысында 1226 үйді, 1905 саяжайды су басып қалған. 450 үй қирап қалды.

«Ендігі қатер Жайық өзенінен. Жайықтың көрші елдегі ең жоғарғы деңгейі 11,87 метр болды, енді сол су біздің елге қарай жөңкілеп келеді. Жайық өзені БҚО-ң 600 шақырым жеріне ағып өтеді, ондағы арнаның ең биік нүктесі 8,5 метр. Демек келе жатқан су қалыптағыдан 3 метрден астам жоғары. Жайықтың бойында 84 елді-мекен бар, ол жақта 126 000 адам тұрады деген дерек алдық. Ел елеңдеп отыр, үрей де жоқ емес», — деді Нартай Аралбайұлы.

Осыдан бір тәулік бұрын Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Нартай Сәрсенғалиев, Еділ Жаңбыршин, Ринат Зайытов және Мәжіліс депутат Абзал Құспан Батыс Қазақстан өңіріне барып, су тасқынының алдын алу мақсатында бөгет соғылып жатқан аумақтарды аралап қайтқанын еске саламыз. Жайық өзені бойында орналасқан Орал қаласы мен аймақтағы 84 ауылды қорғау жұмыстары жалғасып жатыр. Ауылдарды айналдыра дамба тұрғызылуда.

«Қазақ «алпыс күн тасыған су, Алты күнде қайтар» дейді. Бірақ қайтқан су әкелген қайғысын әкетпейді. Қазір еліміздің жартысы қарғын судың қақпанында қалды… Бұқар жыраудан: «Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз: жат жанынан түңілсін, айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін» деген сөз қалған. Расында, батысқа болысқан елдің көмегін, жанұшырып барып бөгетті бекітуге тырысқан жандарды көргенде қазақтың бірлігін ешкімнің ешқашан бүлдіре алмайтынына көз жетеді.

Әлеуметтік желіге бір видеоны жүктедім, көрген шығарсыздар. Елмен кездесуге барсақ анамыздың үш кішкентай баласымен бірге құмды қапқа салып жатқанын көрдік. «Неге қапшық көтеріп жүрсіз балалармен, ауыр ғой» — деген сөзімізге: «Әкеміз вахтаға кетті, бізге «елге көмектесіңдер» деді» деп жауап берді. Бұл біз көп айтатын бірлік деген сөздің нағыз көрінісі болды», -деді депутат.

Су басқан өңірлердегі басты мәселенің бірі өтемақы төлеу жайы әлі толық шешілген жоқ. Ол халыққа жедел және әділетті, толық көлемде төленуі тиіс. Және комиссиялар су кеткенін күтпей қазірден бастап үйлерге жүзіп барып аралық акт жасауы шарт деді депутат.

Другие новости

Back to top button