Депутат ауруханаларға резервтік электр энергиясы жабдықтарын қосуды талап етті
Депутат 29 қазанда Астанада бірнеше сағат бойы электр қуаты болмай қалғанын еске салды. Қосалқы трансформатор станциясындағы апат күтпеген жағдайға себеп болды. Осының салдарынан қаланың бір бөлігінде электр қуаты болмай қалды, оның ішінде ауруханалар да бар.
«Дәрігерлер күн сайын түрлі арнаулы техниканы пайдалана отырып, ересектер мен балалардың өмірі үшін операция үстелінде арпалысқа түседі. Жүздеген пациент реанимацияда болады. Олардың ағзасына қолдау көрсету мақсатында түрлі медициналық аппараттар қосылады. Ал медициналық техниканың бәрі жұмыс істеуі үшін электр энергиясы керек екені анық. Ол болмаған жағдайда, науқастардың өмірін сақтап қалу немесе қолдау көрсету мүмкін емес. Сондықтан аурухананы резервтік қуат құралдарымен жабдықтау міндетті талап екенін түсіну керек», — деді Ж.Асанова Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған сауалында.
Депутат клиникалар мен стационарларда, оның ішінде шалғайдағы ауылдарда автоматты түрде үздіксіз қуат беретін генераторлардың болуын тексерудің маңызын атап өтті. Үздіксіз қуат беретін автоматты генераторды ауыстыру немесе сатып алу үшін қаржы бөлу керек.
«Ал денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары ауруханаларды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуді, генераторлардың жарамдылығы мен генераторға арналған отынның болуын бақылауды күшейтуі тиіс», — деді сенатор.