Главное

Дәулет Мұқаев сегіз секунд сайын бір адамның неден көз жұматынын айтты

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан адамдар туралы статистика айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сегіз секунд сайын бір адам өледі

Оның айтуынша, созылмалы бүйрек ауруы әлем елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да ушығып келе жатқан дертке айналған.

«2021 жылы бүйрек ауруларынан 4 миллион адам қайтыс болды, бұл әрбір 8 секунд сайын бір адамның өмірден озғанына тең келеді. Әлемде созылмалы бүйрек ауруынан зардап шегіп отырған адамдардың саны 850 миллионнан асады, яғни Жер шары халқының 10%-дан астамы осы дертке шалдыққан. Аталған дерт әсіресе егде жастағы адамдарда, әйелдерде, қант диабеті және гипертониямен ауыратындарда жиі кездеседі», — дейді депутат.

Қазақстанда әрбір оныншы адамның бүйрегі ауырады

Мұқаевтың қолындағы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда әрбір оныншы тұрғын бұл ауруға шалдығады.

«Бірақ, солардың ішінде жеті адамның біреуіне ғана созылмалы бүйрек ауруы диагнозы қойылады. Қазір елімізде бүйрек трансплантациясына кезекте 3600-ге жуық адам, оның ішінде 80-нен астам бала тұр. Біз бұл үрдісті уақтылы тоқтатпасақ, келешекте елімізде денсаулық сақтау жүйесіне және экономикаға түсетін ауыртпалық едәуір артады. Экономикалық тұрғыда айтатын болсақ гемодиализ алып жатқан әрбір адамға жылына 5,6 млн теңгеден асып жығылса, барлық диализ алатын адамдарға (шамамен 12 000-нан асады) жылына 67 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалады», — дейді Мұқаев.

Салдарымен күрескеннен себебін анықтаған жөн

Бұл ауру көбінесе алдын алуға болатын қауіп факторларымен байланысты: қант диабеті, артериялық гипертензия, семіздік.

«Елімізде диабетпен және гипертониямен ауыратындар саны жылдан жылға артып жатыр. Біз бұл мәселеге тек медициналық тұрғыдан емес, стратегиялық тұрғыдан қарап, жүйелі алдын алу шараларын қабылдауымыз қажет», — деген ол Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровға біраз ұсыныс жолдады.

Атап айтсақ, оның ұсыныстары мынандай:

  • Созылмалы бүйрек ауруын ерте анықтау және профилактикалық тексерулерді тегін скринингке енгізу;
  • Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында диабет пен гипертонияны басқару бағдарламаларын күшейту;
  • Қоғам арасында дұрыс тамақтану мен физикалық белсенді өмір салтын насихаттау мақсатында кешенді ақпараттық кампаниялар жүргізу;
  • Нефрологиялық қызметті дамытудың ұлттық стратегиясын әзірлеу;
  • Денсаулық сақтау жүйесінде созылмалы бүйрек ауруы бойынша мәліметтерді жинау мен сараптаудың цифрлық жүйесін жетілдіру.

Другие новости

Back to top button