Челахтың арызына қатысты тың ақпарат шықты
Бас прокуратура оның арызы әлі қарауда жатқанын айтты
Владислав Челахтың арызы Бас прокуратура қарауында жатыр. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Челахтың арызы бізде қарауда жатыр. Оның қорытындысы бойынша оған жауап беріледі. Одан жеке жауап алынбады», — деді Әсет Шындалиев.
Еске салайық, 2012 жылдың мамыр айында Алматы облысындағы Арқанкерген заставасында 14 шекарашы мен бір жергілікті аңшының өлі денесі табылған болатын. Арқанкергендегі қанды қырғынды бірнеше күннен кейін мойындаған соңғы, 15-ші шекарашы Владислав Челах ұсталды. Тергеу мәліметінше, Челах алдымен сарбаздарды атып, кейін казарманы өртеп жіберген.
Ол 2012 жылы желтоқсанда ауыр қылмыс жасады деп айыпталып, өмір бойына бас бостандығынан айрылды.
Ол жақында Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, болған жайды түсіндіру үшін куәлік беруге дайын екенін айтқан еді.
«Құрметті Президент, көп жыл өтсе де қайғылы оқиға жайлы қайта айтуға дайынмын. Менің бар сұрарым, мені тыңдап, маған мүмкіндік берсеңіздер. Қалай болғанын айтқым келеді және бәрін айтуға дайынмын. Тергеушілерге де бәрін айтуға дайынмын. Оқиғаның қалай болғаны сол күйі ашылмай қалды», — деген еді ол өз хатында.