Ғылым және техника

Canon Қазақстанда алғаш рет жастарға арналған бағдарлама ашты: Алматыда жас дарындардың фотокөрмесі және бейнежұмыстарының іріктелімі өтті.​

2025 жылғы қаңтарда Canon компаниясының Қазақстандағы өкілдігі Sham School шығармашылық мектебімен бірге жастарға арналған бағдарламаны (Canon Young People Programme) жүзеге асыруға, фотосуреттер көрмесін және қысқаметражды фильмдер көрсетіліміне дайындалуға кірісті. Sham School мектебінің 8,9 және 10 сынып оқушыларына арналған Canon YPP бағдарламасы және БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) туралы таныстыру презентациясы өткізілді. Оқушыларда жұмыстарын дайындау үшін бірнеше ай болды. Бағдарламаға фотография және операторлық өнер курстарының шәкірттері қатысты, себебі, бағдарламаның өзі фото және бейне түсіруді үйреніп жүргендерге немесе үйренгісі келетіндерге арналған. Мамыр айында қазылар алқасына 29 фотосурет пен 8 қысқаметражды фильм ұсынылды. Аталмыш жұмыстардың көрмесі 2025 жылдың 22 мамыры мен 22 шілдесі аралығында Aport Mall East сауда орталығының (Құлжа тракты, 106) екінші қабаттағы арт-аймақта қолжетімді болады.

Жастарға арналған бағдарлама (Canon Young People Programme) — Canon компаниясының халықаралық бастамасы, ол өзінің өзектілігі мен тиімділігін әлемнің түрлі елдерінде көрсетіп үлгерді. 2023 жылы бағдарлама аясында әлемнің көптеген елдерінде 400-ден астам воркшоп өткізіліп, 33 елде 1500-ден астам жасты қамтылды. Бағдарлама шабыттандыруға, оқытуға, ойлар мен идеяларды жеткізуді үйретуге арналған. Жастарға арналған бағдарлама тек техникалық дағдылар мен креативті визуализация ғана емес. Оқыту барысында қатысушылар қоғам үшін өзекті мәселелерді фотосуреттер арқылы көрсетуге ұмтылады. Бағдарламаның тұжырымдамасы БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарына негізделген. Әрбір қатысушы өзіне жақын және бей-жай қарамайтын тақырыпты таңдап, фото және бейне өнері сабақтарында меңгерген дағдыларының көмегімен оны көрнекі түрде көрсетуге тырысады.

«Біз Қазақстанда Canon компаниясының Жастарға арналған бағдарламасының іске қосылғанын мақтан тұтамыз. Былтыр Қазақстанның бірнеше қаласында өткен «Көзге көрінбес әлем» бедерлі фотосурет көрмесін аштық. «Шекарасыз фотосурет» Алматыда ашылып отырған екінші көрме. Әлеуметтік фотокөрме маңызды нәрсені көрудің бір жолы. Біз көрінбейтінді көрінетін етуге тырысамыз. Өскелең ұрпаққа өз дарынын іске асырудың дағдылары мен құралдарын беріп, әрі қарай ұмтылуы, үйренуі, шабыттануы, өз идеяларын жүзеге асыруы үшін жол ашқымыз келеді», — деді Азиз Ниязов, Қазақстан Республикасындағы Canon CEE Өкілдігінің басшысы.

Canon мұндай бағдарламаны Қазақстанда алғаш рет өткізіп отыр. Байқауға барлығы 34 оқушы қатысты. Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген жастар 17 тұрақты даму мақсатының бірін таңдады. Үш ай бойы жас дарындар Sham мектебінде ұстаздарының жетекшілігімен мудбордтар жасады, брейнстормингтер өткізді, өз идеяларын көрнекі түрде көрсетудің креативті жолдарын іздеді, түсірілімге дайындалды. Оқушылар таңдаған тақырыптар гендерлік теңдік, климаттың өзгеруімен күрес, экожүйені сақтау, лайықты еңбек және экономикалық өсуден бастап аштықты жою және қоғамда инклюзивтілікті дамытуға дейін алуан түрлі болды.

«Біз сурет өзін-өзі көрсетудің негізгі және ең мықты құралына айналған дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Фотосуреттер мен бейнелер өз алдына бөлек тіл. Сол тілде аудиториямен «сөйлеуді» үйрену үшін тек ерекше идеялар, талант және креатив қана маңызды емес. Дағдыларды шыңдау және оқу барысында кері байланыс алу мүмкіндігі де маңызды фактор болып табылады. Canon компаниясының Жастарға арналған бағдарламасы дәл осындай мүмкіндік береді жас фотографтар мен операторларға бейне эстетикасын әлеуметтік пікір күшімен үйлестіруге көмектеседі», — деді Марал Рахымжанова, Canon Қазақстан компаниясының корпоративтік коммуникациялар менеджері.

Canon YPP жастарды камерамен жұмыс істеудің техникалық дағдыларымен қаруландыруға ғана емес, сонымен қатар сыни ойлауды, шығармашылық көзқарасты дамытуға және тұрақты дамудың маңыздылығын ұғындырып-түсіндіруге бағытталған. Қатысушылардың фото және бейне жұмыстары бірнеше критерий бойынша бағаланды. Көрнекі жұмыстың тақырыпқа сәйкестігі, мәнерлілігі мен ерекше авторлық шешімі, ақпараттық мазмұны, көркемдік және эстетикалық шеберлігі, техникалық сапасы ескерілді.

«Оқушылардың жұмыстарын қарай бастағанда мүлде басқа нәрсе көремін деп күттім. Әр қатысушының азаматтық ұстанымын айқындайтын жарқын, батыл көрнекі мәлімдемелерді көрдім. Сондай-ақ бейнелер мен түсірілім орындарының жоғары деңгейде дайындалғанына риза болдым. Бұл жұмыстар үлкен аудитория тарапынан лайықты бағасын алатынына сенімдімін. Осындай керемет бастама үшін Canon компаниясына рахмет», деп Қазақстан Республикасындағы Canon амбассадоры Аскар Бумага қазылар алқасының мүшесі ретіндегі жұмысынан алған әсерімен бөлісті.

Қазылар алқасы фото және бейне санаттары бойынша бірінші, екінші және үшінші орындарға ие болған жеңімпаздарды анықтады. Фотокөрменің тақырыбы халықтың әл-ауқатын жақсартудан бастап экожүйелерліы қорғауға дейінгі әлеуметтік сипаттағы тақырып болғандықтан, фото және бейнежұмыстардың көрнекі эстетикасы мен техникалық шеберлігі ғана маңызды болған жоқ. Жұмыстарды жан-жақты бағалау үшін қазылар алқасының құрамына танымал фотографтар мен тәжірибелі операторлар ғана емес, сонымен қатар режиссер, саясаттанушы, журналист және коммуникация мамандары кірді. Марапаттау рәсімі көрменің ашылу күні өтеді. Жеңімпаздар белгілі бір сомаға сертификаттар алады, оны Canon жабдығына жұмсай алады немесе мектепте оқу ақысын төлей алады.

«Мен қазылар алқасының мүшесі ретінде фото және бейнежұмыстарды іріктеуге қатысуға қуана келістім. Байқау мен фотокөрменің тақырыбы ұнады. Қызықты әрі сапалы жұмыстар көп болды. Жас авторлардың байыптылығы, тақырыпқа терең бойлағаны қатты қуантты. Жасампаз жастар үшін бұл байқаудың маңыздылығы ерте ме, кеш пе, ел болашағы үшін жауапкершілік жүктелетін өскелең ұрпақтың бойында азаматтық сананы қалыптастырудың бір жолы», — деп саяси ғылымдар кандидаты, «Тәуекелдерді бағалау тобының» директоры Досым Сәтпаев қазылар алқасының мүшесі ретіндегі жұмысынан ретінде алған әсерімен бөлісті.

Қазылар алқасының құрамында сондай-ақ оператор Азамат Дулатов, оператор Диас Кемелбай, журналист Ержан Сүлейменов, режиссер Әнуар Анартай, фототілші Талғат Галимов, пиар мамандар Марал Рахымжанова мен Айнұр Сәлімбаева болды.

Canon компаниясының Жастарға арналған бағдарламасы байқауының жеңімпаздары:

Іші орын – Кира Ким, 10А сыныбы

Мақсат 14: Теңіз экожүйелерін сақтау

Мен осы тақырыпты таңдадым, өйткені мұхиттың ластануы, шамадан тыс балық аулау теңіз жануарларының өміріне қауіп төндіреді. Өз жұмысымда теңіз өмірінің нәзіктігін көрсеткім келді — артқы жақтағы шынжырға оратылған балықтар адам әрекеті алдындағы дәрменсіздік бейнесі. Алдыңғы планда көзі өлі, шашы дымқыл қыз — қоқыс-қалдықтан уланған өліп бара жатқан балықтың бейнесі. Көрермендер өз әрекеттерінің салдары туралы ойланса деймін. Қоғам қоршаған ортаға қамқорлық жасай бастайды, ластануды азайтады және тұрақты балық аулауды қолдайды деп сенемін.

 

Іші орын – Милена Ким , 10Б сыныбы

Мақсат 5: Гендерлік теңдік

Мен осы тақырыпты таңдадым, себебі, жынысына қарамастан, әрбір адам тең құқықтарға, мүмкіндіктерге және құрметке ие болуы тиіс деп есептеймін. Өз жұмысым арқылы күш, талант, таңдау еркіндігі жынысқа байланысты емес екенін көрсеткім келді. Адамдарды стереотиптер туралы ойланып, біржақтылықты жеңуге шабыттандырғым келді. Болашақ қоғамда әрбір жеке тұлғаға құрмет көрсетілсе, ұлдар мен қыздар өз ойларын еркін жеткізсе, өз жолын өздері таңдаса, өз пікірлерін естірте алса деймін. Тек осылай ғана әділ әрі үйлесімді әлем құруға болады.

ІІІ-ші орын – Меруерт Талғат, 8Б сыныбы

Мақсат 4: Сапалы білім

Мен осы тақырыпты таңдадым, себебі, мемлекеттік және жеке меншік мектептердегі білімді жақсартқым келеді. Өз жұмысым арқылы мектептегі білім туралы, балалардың оқуға деген қызығушылығы туралы айтқым келді. Кейбір мұғалімдер өз біліксіздігінің салдарынан оқушылардың оқуға деген қызығушылығын жойып жіберуі мүмкін. Балалардың кітап оқып жатқанын және кітап нұр шашып тұрғанын бейнелей отырып, балалардың оқуға деген құштарлығын, сонымен қатар жаңа ақпарат олар үшін жаңа әлемге портал ашатынын көрсеткім келді. Қоғамда білімді, оқуға, білімге құштар адамдардың көбірек болғанын қалаймын. Сондай-ақ мектептер тек білім беріп қана қоймай, аға ұрпақты да, өскелең ұрпақты да сыйлауға тәрбиелеу керек деп есептеймін.

Өз ісін шын сүйетін, бағалайтын ұстаздарды көрсек, жақсы болар еді. Бәрі де білімнен басталады, білім – әрбір адамның болашағының іргетасы. Рухани және физикалық тұрғыдан мықты қоғам көргіміз келсе, алдымен сапалы білім беруден бастау керек.

ІІІ-ші орын – Ернар Рахимов, 8А сыныбы

Мақсат 5: Гендерлік теңдік

Мен осы тақырыпты таңдадым, себебі, қоғамда әйелдер мен ерлер арасындағы теңсіздік әлі де көп. Мен өз жұмысым арқылы әйелдердің өз пікірін естірту, тең жалақы, құрмет үшін күресуге тура келетінін көрсеткім келді. Суретте ер адаммен бірдей жұмыс істесе де, әйел адамның қандай кедергілерге тап болатыны көрсетілген. Адамдардың әркімге қолдау көрсету және тең жағдай жасау қаншалықты маңызды екенін көргенін қалаймын. Мен ешкімді жынысына қарай бағаламайтын, әйел басшы, ғалым немесе президент бола алатын әлемді армандаймын — әрі ол жақсы әлем болатыны анық.

Іші орын – Камила Сұлтансихова, 10 сынып

Мақсат 3: Жақсы денсаулық және әл-ауқат

Мен «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» тақырыбын таңдадым, өйткені денсаулықтың маңызды өлшемін — тән шкарасынан шығып, рухқа әсер ететін жағын ашып көрсеткім келді. Біз денсаулықты көбінесе физикалық жай-күй деп ойлаймыз, бірақ ол сонымен бірге ішкі тұтастық, еркіндік сезімі, ештеңеге қарамастан толыққанды өмір сүре білу қабілеті.

ІІші орын – Балжан Каринова, 10 сынып

Мақсат 5: Гендерлік теңдік

Бейнеде өз жолын өзі салғандарды ризашылықпен еске алатын, бірақ ғылымда немесе әдебиетте әйел болу ерлік емес, қалыпты жағдайға айналатын әлемді армандайтын заманауи әйелдің ішкі тебіренісі туралы айтылады. Мұнда аздаған ғана адамның ерлігі туралы емес, көпшіліктің еркіндігі — өз болмысын сақтау, қысымсыз, «бірінші» немесе «жалғыз» деген рөлдерсіз жай ғана өзің болу бостандығы туралы сөз болады. Қаһармандық жалғыздық пен күрес туралы. Мен «бірінші» немесе «жалғыз» емес, көптеген жасампаз, өнерлі әйелдердің бірі болғым келеді.

ІІІші орын – Айлин Кеңес, 10Б сынып

Мақсат 16: Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар

Менің бейнебаяным түнгі демалыс орындарындағы қауіпсіздік мәселесін көтереді. Адамдардың сусындарына түрлі заттар қосып жіберетін жағдайлар жиілеп кетті, бірақ бұл мәселеге ешкім тиісінше мән беріп жатқан жоқ. Бұл мәселені «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» атты 16-мақсатпен байланыстырдым, өйткені мұндай жағдайларды жасырмау, зардап шеккендердің құқықтарын қорғау маңызды.

«Көзге көрінбес әлем» көрмесінде көрсетілген фотосуреттер мен оқиғаларды осы сайттан тамашалай аласыз.

 

Другие новости

Back to top button