Госорганы

Былтыр өндірістегі жазатайым оқиғалардан 200-ден астам адам қаза тапты

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті 2022 жылы өндірістегі жазатайым оқиғалардан 1465 жұмыскер зардап шегіп, 203-і қаза тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

«Былтыр өндірістік жарақаттану коэффициенті (1000 жұмыскерге шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,22-ні құрады. Республиканың өнідірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында – 180, ШҚО-да – 169, Қостанай облысында – 142, Павлодар облысында – 112, Ақтөбе облысында – 103, Алматы қаласында 114 адам зардап шекті», — деп жазды комитеттен.

Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 16,2 % және құрылыс саласында – 15 %.

Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері: жәбірленушінің өрескел абайсыздығы (33,9%); өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (29%); жол қозғалысы ережелерін бұзу (9,4%); қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерін бұзу.

«Соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,5%-ға түсті. Профилактика мен бұзушылықты алдын алу мақсатында еліміздің 2800 кәсіпорны қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдарды «халықтық бақылаушы» ретінде тартуды көздейтін «Халықтық бақылау» әлеуметтік маңызды жобасы енгізілуде. Бүгінгі күні жобаны жүзеге асыруға республиканың 240 кәсіпорны қосылып, онда 600-ден астам жұмыскер ішкі бақылауды жүзеге асыруда», — делінген ведомство хабарламасында.

2019 жылдан бастап салалық министрлік тарапынан «Нөлдік жарақат — Vision Zero» тұжырымдамасын жетілдіру болйынша белсенді жұмыс атқарылуда. Оған бүгінде 332 кәсіпорын қосылды.

Сонымен қатар, «Онлайн еңбек консультанты» электронды сервисі іске қосылды. Ол жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында қашықтықтан өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін еңбек заңнамасының сақталуының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сервис жұмыс берушінің еңбекті қорғау талаптарының сақталуын өзіндік тексеруден өтуін қарастырады. Сервис іске қосылғалы бері 13 854 жұмыс беруші оны пайдаланды.

 

Фейсбук парақшамызға кіріп, пікір қалдырыңыз, сынаңыз, ұсыныңыз

Біздің телеграмканалымызға жазылыңыз және жаңалықтарды қадағалаңыз

 

Другие новости

Back to top button