Госорганы

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Қазақстанға келді

Әлихан Смайылов UNFPA атқарушы директорымен кездесті

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, UNFPA атқарушы директоры Наталия Канеммен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар ҚР әлеуметтік саласын, оның ішінде білім беру мен денсаулық сақтауды дамыту, жастарды қолдау жөніндегі бастамаларды, сондай-ақ Алматыда UNFPA көшбасшыларының жаһандық кездесуін өткізу мәселелерін талқылады.

Премьер-министр Үкімет БҰҰ-мен, атап айтқанда, әлеуметтік салада халықаралық озық тәжірибелер мен дағдыларды іске асырумен айналысатын Халықтың қоныстануы саласындағы қорымен (UNFPA) қарым-қатынастарды жан-жақты дамытуға үлкен мән беретінін атап өтті.

«Біздің бірлескен жұмысымызға өлшеусіз үлес қостыңыз және біз ортақ мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған күш-жігерімізді жоғары бағалаймыз», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен бірге ол БҰҰ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары мен басымдықтары 2021-2025 жылдарға арналған Негіздемелік бағдарламада айқындалғанын, оны жүзеге асыру Қазақстанға нақты оң нәтижелер беріп отырғанын айтты.

«Бұған жастарды қолдау, гендерлік теңдік және әлеуметтік институттарды дамыту саласындағы қызметке жоғары баға берілген БҰҰ-ның Қазақстандағы елдік тобының 2022 жылға арналған қызметі туралы есебі дәлел бола алады. Бұл біздің өзара жемісті іс-қимылымыздың тікелей нәтижесі екенін атап өткім келеді», — деді Премьер-министр.

Сонымен қатар Үкімет әлеуметтік саланы дамыту бойынша мақсатты жұмысты жалғастырып келеді. Мәселен, 1 қаңтардан бастап азаматтарды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз ету қажеттілігін анықтауға көмектесетін Отбасының цифрлық картасы енгізілді. Е-Денсаулық бірыңғай платформасы аясында денсаулық сақтау жүйесін толық цифрландыру жүргізілуде. Ауылдық денсаулық сақтауды кешенді жаңғырту басталды, бұл 4 млн ауыл тұрғынына медициналық көмек көрсетудің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, 600-ден астам дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер салынады, осы жылдан бастап 32 ауданаралық аурухананы жаңғырту басталады.

«Біз жастардың жағдайына да ерекше көңіл бөлеміз. Жастар саясатының 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды, онда табыс деңгейін арттыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету және сапалы білім беру шаралары қарастырылған», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Наталия Канем Қазақстанның соңғы жылдары әлеуметтік саланы дамытуда қол жеткізген жоғары нәтижелерін атап өтіп, UNFPA жаңа бастамаларды жүзеге асыруда республикаға көмек пен техникалық қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екенін растады.

«Біз Үкіметтің жастарды, әсіресе, республика бойынша ашылған жастар денсаулық орталықтарын дамыту үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі күш-жігерін құптаймыз. Бұл тамаша жетістік, озық тәжірибенің үлгісі, біз бұл туралы Алматыда сөзсіз айтатын боламыз, онда әлемнің түкпір-түкпірінен UNFPA-ның 200-ден астам көшбасшысы жиналады. Осы тұрғыда өмірлік дағдыларға негізделген білім беру тұжырымдамасының маңыздылығын да атап өткім келеді, UNFPA бұл бағытты қолдауға дайын», — деді Наталия Канем.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелердің кең ауқымы бойынша серіктестікті кеңейтуге дайын екенін растады.

Другие новости

Back to top button