Бұрынғы күйеуі өртеп жіберген алматылық әйел 1,5 жылдан соң әділдікке қол жеткізді
Алматыда бұрынғы күйеуі өртеп жіберген Индира Тергеубаева әрең дегенде жәбірленуші деп танылды. Әйел бұл жаңалықты өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Маған жаңа ғана тергеуші хабарласып, мені жәбірленуші деп танығанын айтты. Қатты қуанып отырмын. Ақыры араға 18 ай салып мені жәбірленуші деп таныды», — дейді Тергеубаева.
Естеріңізге салайық, 2022 жылдың соңында алматылық Индира Тергеубаеваны бұрынғы күйеуі тірідей өртеп жібермек болған. Жәбірленушінің айтуынша, бұрынғы жұбайы оны екі жыл бойы аңдып, маза бермеген. Трагедия болған күні ер адам Индира жұмыс істейтін дүкенге кіріп келіп, жанармай шашып, бұрынғы әйелі мен өзін өртеп жіберген. Алматылық әйелді дүкенге келгендердің бірі құтқарған. Ал жәбірленушінің экс-күйеуі дүкен ішінде көз жұмған.
Қаза тапқан ер адам Ресей азаматы болған, сот шешімі негізінде оны депортациялауы керек еді. Алайда көші-қон полициясы ешқандай шара қабылдамағандықтан, мұның арты қайғылы оқиғаға әкеп соқты.
Индира Тергеубаеваның денесін қатты күйік шалған. Полиция оны бір жарым жыл бойы жәбірленуші деп танымаған.