Госорганы

Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні

Қазақстанда бүгін Мемлекеттік рәміздер күні. Қазақстанның тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілді. Биыл егемендік атрибуттарының қабылданғанына 32 жыл толып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Егемендік атрибуты

Осыдан 32 жыл бұрын, нақты айтқанда 1992 жылдың 4 маусымда Қазақстанның «Мемлекеттік туы туралы», «Мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» заңдарға қол қойылған еді. Ал «Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды.

Осы заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі.

Рәміздердің авторлары

Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып саналады. Осынау мемлекеттік үш нышанды таңдау үшін 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңес президиумы жұмыс тобын құрып, арнайы шығармашылық комиссия тағайындады. Оның құрамына Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов, Серікболсын Әбділдин, Серік Әбдрахманов сынды қайраткерлер кірді. Осыдан кейін бүкіл Қазақстан көлемінде Елтаңба, Ту, Әнұран нұсқаларына конкурс жарияланды. Бір ғана тудың өзіне 600 адамнан 1 200 нұсқа түссе, Елтаңбаның 245 жобасы, әнұранның 750 үлгісі байқауға қатысты. Эстетикалық сипатымен де, тарихи, саяси, экономикалық символизмге сәйкес келуі бойынша да үздік туынды ұсынған байқау жеңімпаздарын қазір халық мемлекеттік нышан авторлары ретінде таниды.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы. Тудың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Еліміздің мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған.

Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «QAZAQSTAN» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «QAZAQSTAN» деген жазу – алтын түстес. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондары Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақталады. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Әнұранның авторлары ретінде – әуенін жазған Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидидің есімі тарихта қалды.

Үздік мәтінге жарияланған байқауды Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты. 2006 жылы «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2006 жылы 6 қаңтарда Парламентте бекітілді.

Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Назарбаевты салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Туды пайдалану ережелері қайта қаралды

2020 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарауды тапсырды. Осыдан туды жеке және заңды тұлғалар ғимараттарында, соның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда ілуге рұқсат берілді. Бірақ ол ұлтық стандартқа сай болуы қажет. Туды қараңғы уақытта жарық құралдарын қолданбай пайдалануға мүмкіндік бар.

Конституциялық заңға сәйкес, мемлекеттік тудың бейнесі өзге де материалдық объектілерде орналастырылуы мүмкін. Бірақ бір рет пайдаланылатын заттарға салуға болмайды.

Биыл жастар арасында танымал әншілердің концертінде болған келеңсіз жағдайдан кейін Тоқаев туды пайдалану ережелерін қайта қарауға тапсырма берді.

Елтаңбаны өзгерту ұсынысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Елтаңбаға қатысты сыни пікірлер айтылып жатқанын мәлім еткен еді.

– Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек, – деген Тоқаев.

Алайда бұл ұсыныс қоғамнан қолдау таппады десе де болады. Депутаттар да аса қолдай қоймаған. Ізінше, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин “Елтаңбаны өзгерту – президенттің ұсынысы емес” деп бұл тақырыпты түйіндегендей болды.

Другие новости

Back to top button