БҚО-да үш жасар сәби тамағына жасалған отадан соң көз жұмған
Бүлдіршіннің ата-анасы дәрігерлерді кінәлап отыр
Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының тұрғыны Айдана Мұхамбетиярова үш жасар сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhyагенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғыдан қан жұтқан келіншектің айтуынша, тамағына жасалған операциядан кейін бүлдіршін мүлдем қараусыз қалып көз жұмған. «Қызымыздан Даун синдромы анықталғанымен, ауытқушылық болған жоқ» дейді Айдана Мұхамбетиярова.
Айназға операция жасалып, дәрігерлер тамағындағы қабынған безді сылып тастайды. Ота сәтті өткенімен, бүлдіршін кешкісін мазасыздана бастаған.
«Реанимациядан бір медбикені шақырады. Ол балаға ешқандай катетерді қоя алмайды. Баланың қолы мұздай бастаған кезде екіншісін шақыртады. Ол баланың жағдайын көріп, «дереу дәрігерлерді шақырыңыздар, баланың жағдайы ауыр, тыныс алуы қиындай бастаған, шұғыл жансақтау бөліміне апарыңыздар» дейді. Бірақ оған құлақ аспай, бірінші медбике қайтадан катетерді салған”, — дейді сәбидің анасы Айдана Мұхамбетиярова.
Күйінген келіншектің айтуынша, оқиға демалыс күні болған. Сондықтан шақыртқан дәрігерлер уақытында келмепті. 12 сағат бойы осылай қиналған сәби әбден әлсірегенде ғана мамандар көмек көрсетуге асықты дейді анасы.
Дәрігерлер бүлдіршінді операцияға дайындау кезінде денсаулығынан кінәрат табылмағанын айтады. Одан кейін де жағдайын қадағалап отырдық дейді.
«Баланы операциядан соң өзім қарағанда бүкіл көрсеткіші қалыпты болды. Кенеттен әлсіреген соң жансақтау бөлімінде көмек жасадық. Кейін сәбиді сойып тексергенде жүрегінде ақау бары, бұл аздай пневмонияға шалдыққаны анықталды. Жалпы мұндай дерті бар балалардың бүкіл кеселі осындай операция кезінде өршіп кетеді әрі кез келген ота — тәуекелге толы іс. Сәбидің ата-анасына қайғырып көңіл айтамын», — деді отоларинголог дәрігер Орынбек Жұбанов.
Бүгінде полиция осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғапты. Яғни, дәрігерлердің кәсiби мiндетiн қаншалықты талапқа сай атқарғанын тексереді. Осыдан кейін ата-анасы заң органдарына жүгінбек.