Босандырған кезде қабырғасын сындырып жіберген»: Атырауда ананың өліміне кінәлі деп айыпталған дәрігерлерге сот үкімі шықты
Атырауда жаңа босанған әйелдің өліміне кінәлі деп танылған дәрігерлерге сот үкімі шықты. Істі болған алты адамның үшеуі ақталып, біреуі екі жарым жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
2022 жылы қаңтарда Атыраудағы модульдік ауруханада босанған ананың келесі күні жатырынан қан кетіп, ота кезінде мерт болды. 37 жастағы марқұмның артында төрт баласы қалды.
Оның жұбайы мен туыстары бұл жағдайға дәрігерлерді кінәлады. Өйткені ақ халаттылар босандырған кезде әйелдің денесін қатты жаншып, екі қабырғасын сындырып жіберіпті. Тіпті қиналып жатқанда, оны қараусыз қалдырған. Оған қоса медициналық мекеме науқасқа құятын қан таппаған.
Сот нәтижесі бойынша бір адам бас бостандығынан айырылып, екі медициналық қызметкер шартты жазамен құтылды. Енді олар үш жылға дейін өз мамандығы бойынша жұмыс істей алмайды. Сондай-ақ сотталушының әрқайсысы жәбірленуші тарапқа 5 миллион теңгеден төлеуге тиіс. Алайда марқұмның туыстары сот үкіміне риза емес. Олар дәрігерлердің қатаң жазалануын талап еткен.
“Құлап қалу туралы уәждерін сот ешқандай негізге алмайды. Себебі ол дәлелденбеді. Босану сәтін де, сол босанғаннан кейін көп кешікпей алған жарақаты бейнежазбада нақты көрінген. Босану залында да шағымды сол жерде айтып, баласын үстінен алып тастауды айтып, сол жақ қабырғасын көрсеткені бұған дәлел бола алады”, – деді Атырау №2 сотының судьясы Эльмира Ойқұлова.
“Мен балаларыма не айтамын?! Төрт балам бар. «Мамам қашан келеді?» деп күнде сұрайды. Мектепке алып кетуге барамын. Басқа балаларды мамасы алып кетіп жатқанда сұрайды. Маған қиын, қашанғы оларды алдаймын”, – деді марқұмның жұбайы.